Денсаулық сақтау министрлігінде нәресте өлімін азайту шаралары талқыланды

31 Тамыз 2019, 10:45
1489
Бөлісу:
Денсаулық сақтау министрлігінде нәресте өлімін азайту шаралары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аймақтардағы Денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, медициналық жоғары оқу орындарының және сарапшылардың қатысуымен кеңес өткізді.

Кеңесте нәресте мен бала өлімін азайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік жоспардың орындалуы қаралды.

Денсаулық сақтау министрі өңір басқармалары мен медициналық ұйымдардың басшыларын жоспар бойынша жұмысты жандандыруға шақырды.

"Нақты шаралар бар. Оларды орындамаған ұйым басшылары жалпы және жеке жауап береді. 9 айдың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасы басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін көтеретін боламыз. Жылды қорытындылаған кезде әкімдердің ННК жетістігі де көрінеді", - деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 2018 жылы Қазақстан бойынша өлі туған нәрестелерге сараптама жүргізілді. Оның қорытындысын Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова баяндады.

«Сараптамада өткен жылы өлі туған балалардың 81,1% қамтылған. Маңғыстау облысы ақпарат бермеді, Алматы, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстары жартылай мәлімет ұсынды. Сараптама нәтижесінде ерте неонаталдық өлім-жітім бойынша деректердің есепке алынбағаны анықталды» - деді ол.

Осыған байланысты Е. Біртанов сәби өліміне қатысты нақты статистика жасау үшін бұл жұмысты әлі де бірнеше жыл жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол бір ай мерзімде патологоанатомиялық қызметті жетілдірудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына медициналық ұйымдардың статистиканы бұрмалап, жалпы ана мен бала өлімін жасыруды тоқтатуын және мемлекеттік статистикалық есепті бұрмалағандар жауапкершілікке тартылатынын ескертуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы