Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БҒМ кеңейтілген алқа отырысында 2018 жылы білім саласында атқарылған шаралар туралы баяндады.
“Балабақшалар санын көбейттік. Қазір 3-6 жастағы балабақшамен қамтылған балалар саны 1 жылдың ішінде 3% өсіп, 95% құрады. Өткен жылы 800 мектепке дейінгі ұйым ашылды, оның ішінде 700 астамы - жеке меншіктікі ”, - деді Сағадиев.
Министр 29 қалада балаларды балабақшаларға автоматты түрде бөлу жүйесі енгізілгенін айтты.
“Қазіргі уақытта сол қалаларда ата-аналар балабақшаны өздері таңдайды. Осы процесті басқа қалаларда енгізу бойынша жұмысты жалғастыруымыз қажет”, - деді министр.
Ол министрліктің нөлінші сыныпты биыл апробациядан өткізіп, келесі оқу жылына енгізуге дайындауды жоспарлап отырғанын айтты. Бүгінде дайындалған бірыңғай бағдарлама барлық тәрбиешілерге берілген.
“Биыл жыл сайын жоспар бойынша өтетін тәрбиешілердің біліктілігін арттыру курстары жалғасады, 10 мың мұғалім өтуде. 0-сыныпқа әліппе, букварь, математика арнайы курстары биыл басталуға тиіс. Оны Үкімет қаржы жағынан қарастыруда”, - дейді Сағадиев.