Астанада мамырда ЕАЭК отырысы өтеді

4 Ақпан 2019, 17:24
2647
Бөлісу:
Астанада мамырда ЕАЭК отырысы өтеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 29 мамырда Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың құру туралы шартына 5 жыл толады.
Бұл туралы СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында айтты.

«Осы жылдың 29 мамырында елордада Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы өтеді. Айта кетерлік жайт, дәл сол күні Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың құру туралы шартына 5 жыл толады», - деді ресми өкіл.

Айбек Смадияров 1 ақпанда Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесі отырысының қорытындылары туралы тоқталып өтті.

«1 ақпанда Алматы қаласында Еуразиялық бестіктің үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында ЕАЭО шеңберінде интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар көкейкесті мәселелері қаралды. Үкімет басшылары қол жеткен уағадаластықтарды іске асырудың аралық қорытындысын шығарып, Одақтағы бұдан әрі жұмыстың бағыттарын белгіледі. Іс-шара қорытындысында Үкіметаралық кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одағының цифрлық күн тәртібіндегі жобаларды іске асыру тетіктерін бекітіп, 2018 жылдағы Одақ елдерінің өзара сауда ахуалын, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық жағдайын, Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру және ұлтүстілік кәсіпорындарды құру бойынша мәселелер қарастырды. Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша Кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Бұл Келісім Одаққа мүше мемлекеттерге бірыңғай көлік кеңістігін, су көлігі қызметтерінің жалпы ішкі нарығын құруға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті жүзеге асыруға және көлік кешендерінің дамуына үлес қосады. Құжат Одаққа мүше елдерінің жалаулары бар кемелердің басқа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына өзара қолжетімділігін жеңілдетеді. Қазіргі кезде су жолдарына рұқсат беру жүйесі бар. Аталған құжат хабарландыру жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттердің жалауларымен жүзетін кемелерге қол жетімділік хабарламаға негізделеді», - деді Смадиров.

Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы осы жылдың сәуірдің аяғында немесе мамырдың басында Ереван қаласында өтеді.

Бұған дейін Айбек Смадияров Дели әуежайында әуе билетін қолдан жасағаны үшін жергілікті полиция Қазақстан азаматын ұстағанын және Ресейде өзіне-өзі қол жұмсаған шымкенттіктің мүрдесі елге әкелінетіні жайлы мәлімдеген болатын.

Рахила Тлеуова

Өзгелердің жаңалығы