Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға аса мән беру керектігін айтты.
Бүгінгі Үкімет отырысында Алматы және Қарағанды облыстары әкімдерінің баяндамасынан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға байланысты ұсыныстар айтты.
«Осы аптаның ішінде оқу жылы аяқталады. Сонымен қатар, 1 маусым халықаралық балалар күні екенін білесіздер. Осыған байланысты, біріншіден, жаз уақытында көптеген іс-шара қаралып отыр. Оны балалардың өздеріне түсіндіріп, «ашық есік» ұйымдастыру керек. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесін балалардың өздеріне түсіндіру керек. Үшіншіден, балалардың өз ұсыныстарын тыңдап, олардың жаз уақытын қалай өткізу туралы деген көзқарасына қарай көптеген іс-шара болса, дұрыс болар еді. Сонымен бірге, аса мән беретін – көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар. Осы категорияларға жергілікті әкімдіктер аса көңіл бөлсе деген ұсыныс бар», - деді Әбдіқалықова.
Бұған дейін бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова балаларды жазғы демалыста қандай қызықтар күтіп тұрғанын айтты.