Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Барып тепкенімді мойындаймын": Тоқтаубаев төбелеске не үшін қатысқанын айтты

15 Мамыр 2025, 17:58
695
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Талдықорғандағы атышулы істің сотында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев қайғылы оқиға болған күні төбелеске мәжбүрлі түрде қатысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдықорған қалалық сотында Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан қылмыстық іс бойынша жауап берген Нұрбол Тоқтаубаев оқиға күні төбелеске қатысқанын ашық мойындады. Алайда ол бұл қадамға мәжбүр болғанын айтты.

Біз мұндай жағдай болатынын білмедік. Төбелеске қатысқанымды, қоғамдық тәртіпті бұзғанымды және барып тепкенімді мойындаймын. Бірақ мен төбелеске қатысуға мәжбүр болдым. Бірі кастетпен, бірі пышақпен, енді бірі мылтықпен жүргенде… мен сол жерде жүрген туған бауырым мен өзіммен бірге келген кәмелетке толмаған Думанды ойладым. Солар үшін араласуға тура келді, – деді сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев.

Еске салсақ, сотталушы Дархан Әскентайдың дүкенге кірген видеосы көрсетілді. Сот отырысы кезінде судья журналистер мен блогерлерге ескерту жасады. Сонымен қатар, Шерзат Болаттың қолында қандай зат болғаны көрсетілді. Қаржаубай Нұрымовқа қатысты тың дерек айтылды.

Сот процесі кезінде марқұм Шерзат Болатты бір топ адамның ұрып-соққан видеосы да көрсетілді. Сотталушы Дархан Әскентай болған оқиғаны баяндады.

Бұған дейін Шерзат Болат ісі бойынша сотта сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды. Ол жауабында Шерзат болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың "мен сені өлтіремін" деп қорқытқанын айтты. Сондай-ақ Тоқтаубаев былтыр полицияға берген жауабынан бас тартты. Ол полициядан қандай қысым көргенін де айтып берді.

Өзгелердің жаңалығы