Шерзат Болат ісі бойынша сотта сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев өзіне қысым жасалғанын айтып, былтыр берген жауабынан бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төбелес кезінде Абзал пышақ алып шығып, Шерзатты пышақтап жіберді. Пышақты нақты қайдан алғанын білмеймін. Туған інім Азамат Нұрқанаттың жамбасынан пышақтады. Нұрқияс сол кезде мылтықты Қаржаубайдың қолынан тартып алып, мылтықпен Шерзатқа бірнеше рет соққы жасады. Шерзат жерге отырған кезде мен екі рет оң аяғынан тептім, үшінші рет оң жұдырығыммен бірнеше рет қолдарына соққы жасадым. Нақты кім екенін білмеймін. Жанымдағылар да Шерзатты тепкіледі. Сол сәтте жаңағы екі қыз және Шерзаттың анасы бізді ажыратпақ болып арамызда жүрді. Кейін мен оқиға болған жерде қалдым. Алыста тұрған автокөлігіме барып, жүргізушімен кетіп қалдым. Оның аты-жөнін білмеймін, – деген Тоқтаубаев былтыр 4 қазанда полиция майоры Мұстафаеваға берген жауабында.
Тоқтаубаев 2024 жылдың 4 қазанында берген жауабынан бас тартатынын айтты.
Талғар бөлімшесінде менен жауап алу барысында "азаптау" фактісі болды. Маған қысым көрсетті. Полиция қызметкерлері ұрып-соқты. Ол бойынша бірнеше арыз бердім, - дейді Тоқтаубаев.
Еске салсақ, сотталушы Дархан Әскентайдың дүкенге кірген видеосы көрсетілді. Сот отырысы кезінде судья журналистер мен блогерлерге ескерту жасады. Сонымен қатар, Шерзат Болаттың қолында қандай зат болғаны көрсетілді. Қаржаубай Нұрымовқа қатысты тың дерек айтылды.
Сот процесі кезінде марқұм Шерзат Болатты бір топ адамның ұрып-соққан видеосы да көрсетілді. Сотталушы Дархан Әскентай болған оқиғаны баяндады. Бұған дейін Шерзат Болат ісі бойынша сотта сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды. Ол жауабында Шерзат болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың "мен сені өлтіремін" деп қорқытқанын айтты.