Наурыз айының соңында су тасқына тап болған алғашқы өңірлердің бірі Атырау облысы еді. Үш аптаға жуық табиғат апатымен күресіп келе жатқан аймақтың қазіргі жағдайы қандай, осыған дейін қандай жұмыс атқарылды және болашаққа қандай жоспар бар? Осы және басқа да сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Өңірдегі қазіргі жағдай
Атырау облысында 3 мыңға жуық ауылды су шайған. Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиеваның айтуынша, су тасқыны басталғалы бері жалпы түскен су деңгейі - 107 см. Су тасқыны салдарын жою үшін Жылыой ауданында қазіргі уақытта 5652 адам жұмыс істеуде. 2019 бірлік техника, 17 бірлік жүзу құралдары, 21 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.
Аудан орталығында соңғы деректер бойынша суға кеткен үйлер саны - 2798. Бүгінгі күні 12 үйден су кетті. Аудан төңірегінде облыстық маңызы бар "Доссор – Құлсары – Ақтау" тасжолын су шайып кетті. Ауданнан 36 738 адам эвакуацияланды, оның ішінде 8 382-сі бала. 10 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерге айдалды, - деді Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Айта кетейік, Атырау мен оның маңындағы жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Оларға мекемелердің 2225 қызметкері және 3354 ерікті қатысуда.
Тасқыннан кейін су басқан үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, түнгі патрульдеу жұмыстарына 110 полицей мен 60 әскер жұмылдырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, тасқын бастағалы бері Жылыой ауданы бойынша 30 қару иесінен 47 қару уақытша алынды.
Су тасқынымен күрес
Атырауда бірнеше күн ішінде 100 шақырымнан астам қорғаныс бөгеті салынды. Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне және Ириклин су қоймасынан су ағынының ұлғаюына байланысты жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Соңғы 6 күнде (13 сәуір күні таңертеңгі мәлімет бойынша) жоспарланған 215,1 шақырымның 101,2 шақырымына жағалауды нығайту бөгеттері салынды. Айта кету керек, бастапқыда картографиялық деректер бойынша ұзындығы 105 шақырым бөгет құрылысы жоспарланған.
Бүгінгі таңда Атырау қаласының маңында орналасқан, Жайық өзені мен Каспий теңізі арасындағы маңызды артерия - Соколок каналын тереңдету және кеңейту жұмысы қарқынды жүргізілуде, оның ұзындығы - 24 шақырым. Арна кеңейтіліп, қалған топырақ бөгеттерді нығайтуға қолданылады.
Сондай-ақ қазіргі Соколок каналының жанынан қосымша канал салынып жатыр. Соколок каналынан су тасып кеткен жағдайда екінші канал резервтік гидротехникалық құрылыс қызметін атқарады. Қазір 12 шақырымының жұмысы аяқталды.
Тек Атырау қаласы бойынша жағалауды нығайту бөгеттерін салуға 1 мыңға жуық арнайы техника, 3,2 мың түрлі мекемелердің қызметкері және 3,5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды.
Ал Жайық өзенінен Каспий теңізіне судың шығуын жеделдету мақсатында қазіргі тереңдігі небәрі 40-50 см болатын түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысты аяқтағаннан кейін ені 20 метр болатын өзен сағасының тереңдігі 40-тан 200 см-ге дейін артады деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгін "Құлсары-Атырау" тас жолында қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Сондай-ақ Атыраудағы мұнай-газ және басқа да нысандар үшін қауіп жоқ екенін айта кетейік.
Жан-жақты көмек
Су тасқынының алғашқы күнінен бастап аймаққа еліміздің үздік құтқарушылары мен басқа да еріктілері көмекке ағыла бастады. Мәселен Атырауға Алматы облысынан құтқарушылар көмекке келді.
Ал атыраулық 5 жасар Алдиярдың су тасқынын алдын алу жұмыстарына белсенді қатысып жатқаны әлеуметтік желіні тәнтті етті.
Осы тұста су тасқынына қарсы бөгеттерді бекіту жұмысына Атыраудың баскетбол командасы үшін доп ойнайтын шетел азаматтары да көзге түскен еді. Ойыншылардың бірі Канада азаматы Майкл Окафор бізге сұхбат та берген еді.
Менің есімім – Майкл Окафор. Канададан келген «Атырау барыстары» баскетбол клубының ойыншысымын. Осы жағдайды естігенде командамызбен бірден көмектесуге келдік. Су тасқыны кезінде үйлерге су кірмес үшін бөгетті биіктетумен айналысып жатырмыз. Қаламызды табиғи апаттан сақтасақ, тұрғын ретіндегі борышымызды өтегеніміз, - деді ол.
Осы тұста ҚТЖ Атырау облысының су басқан ауданынан жолаушыларды тегін тасымалдауды ұйымдастырғанын да айта кетейік. Сондай-ақ Атырау мен Доссор таксистері құлсарылықтарды тегін тасымалдап жатқаныны әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Ал Атырау маңындағы Бейбарыс ауылында еріктілер қатарында 80 жастағы жергілікті әже де болды. Ол жергілікті мектеп ұжымымен бірге көмекке келген.
Үкімет көмегі
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша оның Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жұмыс сапарларының қорытындысына сәйкес әкімдіктердің, ТЖМ, ІІМ және Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Ал тасқыннан зардап шеккендерге қандай әлеуметтік көмек көрсетілетіні туралы Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтып берді.
Су тасқыны кезінде зардап шеккен аудандар мен қалалардың тұрғындары төмендегідей әлеуметтік қолдауға ие болады. Субсидияланатын жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыстар, жастар практикасы ақысы өзгеріссіз қалады. Еңбек мобильдік орталықтары жұмыс орындарынан ешқандай мәліметтерді сұратпай-ақ төлемдер төлейді. Бизнес идеялар, қайтарымсыз гранттарға 400 айлық есептік көрсеткішке өтінімдер қабылдау кейінге қалдырылады, - деді ол.
Екінші тоқсанға тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектер автоматты түрде жүргізіледі.
Құлсарыдағы жағдай
Қазіргі кезде Құлсарыда судан құрғату жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. «Жылыой Тазалык» ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахмановтың айтуынша, бүгінгі күні су басқан үйлерді құрғатуға 58 дана арнайы техника жұмылдырылып отыр. Сондай-ақ бүгін Құлсарыда 500 үйге электр жарығы берілгенін айта кетейік.
Ал Құлсары қаласын қалыпқа келтіру жұмыстарына Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан 163 әскери келді. Айта кетейік, Құлсары қаласынан 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған болатын.
Құлсары қаласының көшелерін судан тазарту жұмыстары 24 сағат жүргізіледі. ТЖД қвзметкерлерімен бірігіп "Жылыой тазалық" мекемесі тәулігіне 5000-5500 шаршы метр су сорды.
Құлсарыдағы ауыз судың сапасы талапқа сай екеніне де белгілі болды. Жалпы ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. Аудандық МСЭБ бөлімінің қызметкерлері сынаманы тәулігіне екі рет алып отыр. Мамандар Ұлы Жем өзенінің суынан да сынама алып, қадағалауда.
Су тасқының алғашқы күндері Құлсары қаласында егіз дүниеге келгені де ерекше оқиға болды. Жылыой аудандық орталық ауруханасында егіз ер бала өмірге келді. Алайда қауіпсіздік мақсатында Бейнеу аудандық ауруханасына жедел-жәрдем көлігімен тасымалданды.
Қазір нәрестелердің жағдайы жақсы. Олар жас ананың төртінші және бесінші баласы. Сәбилердің бойы - 52 см. Біреуінің салмағы – 3500 грамм, екінші бөбектікі - 3350 грамм, - делінген хабарламада.
Ал әлеуметтік желіде "Құлсарыдағы қос аққу" атанған Асқар Толыбаев біздің тілшіге видеоның қалай түсірілгенін айтып, сұхбат берді.
Жалған ақпаратпен күрес
Осындай қиын сәтте жалған ақпаратпен халықты дүрліктірмек болғандар да жоқ емес. Дегенмен Атырау қаласының Полиция басқармасы тасқын су туралы жалған ақпарат таратқан адамды бірден анықтап, айыппұл салды.
Осы тұста Ақпарат министрі Аида Балаева су тасқынына байланысты жалған ақпарат болып шыққан 29 фактіні анықтағанын жеткізді.
Барлық анықталған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпаңыз! Есіңізде болсын, барлық жалған хабарламалардың мақсаты - үрей тудыру, халықты жікке бөлу, мемлекеттік қызметтер мен волонтерлердің келісілген жұмысын ұйымдастыруды бұзу және қарапайым халықтың қайғы-қасіретін пайдаланып тез пайда табу. Сондай-ақ су тасқыны мен бұзылған өңірлерді қалпына келтіру шараларын объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді, - деп ескертті министр.