Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушының адвокаты сотқа қарсылық білдірді

20 Тамыз 2026, 11:07
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 20 Тамыз 2026, 11:07
20 Тамыз 2026, 11:07
123
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада марқұм федьдшер Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованы қорғауға жаңадан адвокат Асхат Алимов қосылды. Ол сотта сот талқылауын кейінге қалдырып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт беруді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, ол іске 20 тамызда қорғаушы ретінде кіріскен. Осыған байланысты қорғау тарабы жаңа адвокатқа істің материалдарын толық зерделеп, айыптауды, дәлелдемелерді және қорғау позициясын қалыптастыруға мүмкіндік берілуі тиіс деп санайды.

Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Судьяның айтуынша, сотталушының алғашқы отырыстан бастап адвокаты (Дәурен Еслямбекұлы - ред.) болған және оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға жеткілікті уақыт берілген.

Осы шешімнен кейін адвокат Алимов соттың ұстанымына қарсылық білдірді.

Мен бұл жерде менің қорғауымдағы адамның құқығы бұзылмайды деген уәжбен келіспеймін. Егер ол 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларынан бастап қылмыстық қудалау орбитасына тартылған болса, бір мәселе. Бірақ оған айып 2026 жылдың шілде айында ғана тағылған. Бүгін оның екі адвокаты да, он адвокаты да болуы — оның құқығы. Заңда бұған тыйым жоқ, – деді Алимов сотта.

Адвокат соттан өзіне ерекше жағдай жасауды сұрамайтынын атап өтті.

Мен соттан қандай да бір ерекше артықшылық беруді сұрап отырған жоқпын. Мен Қылмыстық-процестік кодекстің 336-бабының 3-бөлігінде көзделген құқықты жүзеге асыруды сұрап отырмын, – деді қорғаушы.

Алимов соттың осы уәжін сот отырысының хаттамасына енгізуді сұрады.

Осыдан кейін адвокат жаңа өтініш білдірді. Оның айтуынша, қорғау тарапы сот төрағалық етуші судья Абаеваға қарсылық білдіреді.

Бүгінгі таңда менің қорғауымдағы адамның, сондай-ақ қорғау тарапының құқықтары шектелді деп санаймыз. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 87, 88 және 89-баптарына сәйкес, төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіреміз. Осыған байланысты уәжделген өтініш бүгін сот кабинетіне жолданады, – деді Алимов.

Сот адвокаттың қарсылығы сот отырысының хаттамасына енгізілетінін түсіндірді. Сонымен қатар судья сотталушының қорғауға құқығы бұзылмағанын айтты.

Соттың мәліметінше, бұған дейін іске қатысқан адвокат Еслямбекұлына қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт берілген. Сондай-ақ қорғаушы мен сотталушыға іс материалдарының көшірмелері қағаз және электронды форматта ұсынылған.

Сот жаңа қорғаушы Алимовқа да сот отырыстары арасында қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы екенін түсіндірді.

Іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске салсақ, қайтыс болғаннан кейін Ұлдана Мырзуан Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Енді сот фельдшердің өліміне әкелген жағдайларды зерттеп, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға береді.

Айта кетейік, бүгін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтіп жатыр.

Сондай-ақ, Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты адвокат пікір білдірді.

Сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.

Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанқұлова (Омарова) қызының өліміне қатысты сот отырысы алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұрынғы күйеу баласы жайлы айтты. Ол Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімінен хабарсыз екенін жеткізді.

Наверх