Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанқұлова (Омарова) қызының өліміне қатысты сот отырысы алдында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол соттан істің әділ қаралып, заң аясында шешім шығарылуын күтетінін айтты.
Ешкімге айып таққым келмейді. Бұл іс әділ шешілсін. Заң аясында барлығы дұрыс шешілгенін қалаймын, – деді Салима Ешанқұлова.
Сонымен қатар Ұлдана Мырзуанның анасы бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімінен хабарсыз екенін жеткізді.
Сіздерден естіп отырмын. Оң қабылдаймын. Оған ана ретінде қатты сендім. Аманатқа қиянат жасамайды деп ойладым. Сенімімді ақтамады. Сол үшін жәбірленуші мәртебесінен бас тартсын дедім. Сотқа да бөтен адамдар сияқты кірдік. Сөйлеспедік, – деді Ешанқұлова.
Оқиға қалай болды?
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тұрғын үй ғимаратының қасбеті опырылып құлаған кезде оқиға орнында медициналық көмек көрсетіп жүрген екі фельдшердің үстіне кондиционер құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан 10 күн бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдап, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Қайтыс болғаннан кейін Ұлдана Мырзуан Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Енді сот фельдшердің өліміне әкелген жағдайларды зерттеп, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға береді.
Айта кетейік, бүгін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты адвокат пікір білдірді.
Сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.