Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталар алдында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбек журналистерге марқұмның отбасы ұстанымын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ол марқұмның анасы Салима Омарованың мүддесін қорғайды. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша қаралып жатыр. Іс бойынша ОСИ төрағасы айыпталушы ретінде өтіп жатыр.
254-бап бойынша ОСИ төрағасы жауапкершілікке тартылып отыр. Заңда ОСИ төрағасының тиісті түрде ескерту жасап, әкімдікке нысандағы ақауларды жою жөнінде ұсыныс беруі керектігі нақты көрсетілген. Алайда мұндай әрекеттер жасалмаған. Қазір істің барлық мән-жайын ашып айта алмаймыз, сот барысында бәрі белгілі болады, – деді Нұрсұлтан Орынбек.
Адвокат жәбірленуші тараптың сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне көңілі толатынын атап өтті. Оның сөзінше, жиналған материалдар мен дәлелдер сотқа ұсынылған. Енді оларға сот баға беруі тиіс.
Тергеу нәтижесіне көңіліміз толады. Барлық дәлел сотқа ұсынылды деп есептейміз. Енді шешімді сот қабылдайды, – деді адвокат.
Сонымен қатар жәбірленуші тарап әзірге азаматтық талап-арызға қатысты және айыпталушыға қандай жаза тағайындалуы керектігі жөніндегі ұстанымын нақтылаған жоқ.
Әзірге азаматтық талап-арыз бойынша шешім қабылдаған жоқпыз. Жаза мен санкцияға қатысты да ұстанымымызды әлі айқындамадық. Бұл мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр, – деді Орынбек.
Адвокаттың айтуынша, аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза тағайындау кезінде сот іс бойынша барлық мән-жайды ескереді.
Іс бойынша жәбірленушілердің қатарында Ұлдана Мырзуанның жұбайы да бар. Адвокаттың түсіндіруінше, фельдшер қаза болған кезде олар заңды некеде болған. Сондықтан оның тиісті процессуалдық мәртебесі бар.
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі бүгін Астанада басталды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2025 жылғы қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде болған. Қасбеттегі кірпіш пен кондиционердің ілгіші төменге құлап, бес адам жарақат алған. Олардың екеуі медицина қызметкері болды.
Жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін 18 қарашада алған жарақатынан көз жұмды.
Астанадағы медколлежде марқұм фельдшердің құрметіне арнайы сынып ашылатынын Денсаулық министрі мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.