Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз Қазақстан - Түркия инвестициялық дөңгелек үстелінің аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өте қарқынды әрі өте нәтижелі сапар болды деп айта аламын. Мұнда екі күннен бері жүрмін. Кеше келдім. Кеше бізді өте жақсы қарсы алып, құрмет көрсетті. Кешке іскерлік қауымдастықпен кездесу өтті, ол да өте пайдалы болды. Бүгін таңертең Құрметті премьер-министрмен екіжақты кездесу өткіздік. Делегациялар арасында жиналып, Үкіметаралық аралас экономикалық комиссияның он төртінші отырысын өткіздік. Алпыс жеті тармақтан тұратын жаңа іс-қимыл жоспарына қол қойдық, осылайша жаңа кезең басталды. Сонымен қатар Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, өте пайдалы әрі нәтижелі кездесу өткіздік, – дейді ол.
Вице-президенттің айтуынша, бұл кездесулер екі ел үшін де игілікті болуға тиіс. Ол барлық еңбек сіңірген азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге, министрлерге және премьер-министрге алғысын білдіріп, атқарылған жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Түркия – достас, бауырлас әрі стратегиялық деңгейде қарым-қатынастары бар екі ел. Құрметті президенттеріміз белгілеген ортақ көзқарас бар. Бір жағында Құрметті Режеп Тайып Ердоған, екінші жағында Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ортақ бағдар бар. Біз осы көзқарасты бірге жүзеге асырып жатырмыз, – дейді ол.
Джевдет Йылмаздың айтуынша, аймақтағы және әлемдегі өзгерістер елдер арасындағы бірлікті нығайтып, ынтымақтастықты арттыруды талап етеді.
Әсіресе көлік және логистика саласында маңызды күн тәртібіміз бар. Каспий арқылы өтетін кемелер санын арттырудан бастап, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге дейін көптеген бағыттар қамтылған. Орта дәліз деп аталатын бағытты Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия сияқты елдердің үлесімен күшейту көзделуде. Бұған әлемнің де қажеттілігі бар екені қазіргі жағдайда анық байқалды, – дейді вице-прездент.
Белгілі болғандай, Орта дәліз күшейіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалы 35%-ға өсті. Бүгінде бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы сенімді және бәсекеге қабілетті көлік дәлізі ретінде қалыптасуда. Жүктерді жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқартылды.
Ал Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 9%-ға өсті. 2005 жылдан бері еліміздің экономикасына 6 млрд доллардан астам түрік инвестициясы тартылса, былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 390 млн долларға жуықтады.
Қазақстан мен Түркия энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен комиссия отырысынан кейін Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев мәлім етті