Жамбыл облысында СОБР инспекторы қаза тапты. Бұл ақпаратты облыстық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға Қордай ауданында жедел ден қою арнайы жасағының (СОБР) казарма ғимаратында болған. Оқиға қызметтік ғимараттың дәлізінде орын алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 1995 жылы туған қызметкер табельдік қарудан оқ жарақатын алған. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда аудандық орталық ауруханаға шұғыл жеткізілген.
Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол есін жимастан жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп хабарлады ведомство редакцияның сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ қызметтік тексеру тағайындалды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, іс қызметпен байланысты емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді, - деп атап өтті облыстық ПД.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында сарбаз өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарладық.