Трамп: Ормуз бұғазы халықаралық кеме қатынасына ашық болуы керек

АҚШ басшысы Иран ядролық қарудан толық бас тартуы қажет екенін атап өтті.

 AP Photo / Evan Vucci Бүгiн 2026, 00:30
Бүгiн 2026, 00:30
104
Фото: AP Photo / Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні Иранмен атысты тоқтату режимін ұзарту туралы келісім бойынша түпкілікті шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім Ормуз бұғазын ашуды және Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін толық жоюды қамтуы тиіс.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп Ақ үйдегі жағдайлық орталықта келіссөздердің соңғы кезеңі талқыланатынын айтты. Дереккөздердің мәліметінше, тараптар сәуір айының басынан бері әрекет етіп келе жатқан бітімді тағы 60 күнге ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

АҚШ басшысы Иран ядролық қарудан толық бас тартуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ормуз бұғазы халықаралық кеме қатынасы үшін дереу ашық болуы тиіс екенін жеткізді.

Алайда Иран тарапы Вашингтонға сенімсіздік білдіруде. Иран парламентінің төрағасы әрі келіссөздер тобының жетекшісі Мұхаммад Багер Ғалибаф нақты әрекетсіз ешқандай келісім орындалмайтынын айтты.

Иранның Fars агенттігі Трамптың мәлімдемелерін «ойдан шығарылған жеңісті көрсету әрекеті» деп бағалап, тараптар арасындағы меморандумда ядролық материалдарды жою туралы тармақ жоқ екенін хабарлады. Сонымен қатар агенттік Иранның бұғатталған 12 миллиард доллар активін босату мәселесі келіссөздерде қаралғанын жазды.

Сарапшылардың айтуынша, ықтимал келісім әлемдік нарыққа да әсер етіп отыр. Келіссөздер аясында мұнай бағасы төмендеп, қор нарықтары өсе бастады.

Айта кетейік, АҚШ пен Израиль бастаған әскери қақтығыс ақпан айының соңында ушығып, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты күшейткен болатын. Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік энергия нарығына айтарлықтай әсер етіп, мұнай бағасының қымбаттауына себеп болды.

Наверх