Атыраудағы бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта бүгін айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куәлік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін сотта куәларды тыңдау кезеңі басталды. Алғаш болып сот залына айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев шақырылды. Ал әкесін көрген айыпталушы сот залында көз жасына ерік берді.
Әкесі жауап беру кезінде баласының мұндай қылмысқа барғанын қабыл алмайтынын айтып, баласының бойында ешқандай жаман әдеттердің жоқтығын алға тартты.
Жауапкершілігі жоғары, отбасын ойлайтын адам, - деді ол.
Самиғолла Сәрсемәлиев, сондай-ақ, айыпталушының бала кезінде ешқандай психологиялық жарақат алмағанын алға тартты.
Ал сотталушының анасы Гүлнар Азмұханова жауап беруден бас тартып, тек баласына арнауын жеткізді.
Өмір үшін күрес. Мықты бол. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын, - деді анасы.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы 18 мамырда өтті.
Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.