Қазақстан Түркияға астық экспортын ұлғайтуды көздейді 

Қазақстан Түркияға астық экспортын арттырмақ. Сауда өсіп, энергетикада да жаңа келісімдер талқылануда. Толығырақ – кім не ұсынды?

 Ауыл шаруашылығы министрлігі Бүгiн 2026, 10:43
Бүгiн 2026, 10:43
139
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастық жаңа қарқын алды. Бұл туралы Үкімет үйінде Түркия вице-президенті Жевдет Йылмазбен өткен комиссия отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығы саласында оң динамика байқалып отыр. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешендегі тауар айналымы 25 пайыздан астам өсіп, 360 млн долларға жуықтады. Бұл бағытта агротехнологиялар мен сақтандыру саласында тәжірибе алмасылып жатыр, - дейді Бектенов. 

Үкімет басшысы алдағы кезеңде тауар айналымын әртараптандыру, экспорт номенклатурасын кеңейту және қосылған құны жоғары бірлескен өндірістерді іске қосу маңызды екенін айтты.

Бидай, жасымық, жем, майлы тұқымдарын Түркияға экспорттауға мүдделіміз. Осыған байланысты уәкілетті органдарымызға Түркияның ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарына сәйкестік мәселелері бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынамын, - деді Олжас Бектенов.

Энергетикалық серіктестікті дамыту өзара әрекеттесудің маңызды бағыты және аймақтық тұрақтылықтың тірегі саналады. Баку–Тбилиси–Жейхан бағыты қазақстандық мұнайды жеткізу үшін маңызды құбырлық инфрақұрылымның бөлігі. Түрік компаниялары Қазақстанда мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Бұдан басқа, тараптар бұл салада инвестициялық келісімдер жасауға баса назар аударуда. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» және Turkish Petroleum Corporation компаниялары геологиялық барлау және өндіріс саласындағы ынтымақтастықты талқылауда.

Премьер-министрдің пайымынша, электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі және басқа да салалардағы екі елдің сарапшылары инновацияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасулары қажет.

Қазіргі таңда AKSA Energy компаниясы Қызылордада қуаттылығы 240 МВт бу-газ қондырғысын салуда. Бұл ретте біз өзара тиімді қатынасты ең кең ауқымда кеңейтуге және жаңа ұсыныстарға ашықпыз, – дейді Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Белгілі болғандай, Орта дәліз күшейіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалы 35%-ға өсті. Бүгінде бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы сенімді және бәсекеге қабілетті көлік дәлізі ретінде қалыптасуда. Жүктерді жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқартылды.

Ал Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 9%-ға өсті. 2005 жылдан бері еліміздің экономикасына 6 млрд доллардан астам түрік инвестициясы тартылса, былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 390 млн долларға жуықтады.

Наверх