Қазақстан мен Түркия арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық стратегиялық деңгейге көтерілді. Бұл туралы Үкімет үйінде Түркия вице-президенті Жевдет Йылмазбен өткен комиссия отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет үйінде Қазақстан –Түркия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысы өтті. Кездесуде екіжақты әріптестіктің негізгі бағыттары талқыланды.
Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және стратегиялық сипатқа ие. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрап, 35 пайызға өсті. Бұл – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нақты нәтижесі. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты, - дейді Бектенов.
Премьер-министрдің дерегінше, соңғы жылдары Орта дәліздің рөлі айтарлықтай күшейіп, тасымал көлемі 5 еседен астам өсті. Бүгінде бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы сенімді және бәсекеге қабілетті көлік дәлізі ретінде қалыптасуда. Жүктерді жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқартылды.
Орта дәлізді дамыту – біздің ортақ басымдығымыз. Осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, «тар» учаскелерді жою, порттық және терминалдық қуаттарды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірыңғай тарифтерді қалыптастыру, тарифтік саясатты үйлестіру және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажет, - деді Олжас Бектенов.
Белгілі болғандай, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.