Қарағанды облысындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта уланған баланың тағы біреуі көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дәрігерлер қанша тырысқанымен, бір науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында жатқан 2012 жылы туған бала 28 тамызда қайтыс болды. Баланың жағдайы бастапқыда өте ауыр болды. Терапияның тактикасы үнемі республикалық мамандармен талқыланды. Өлім себебі - жүрек жеткіліксіздігі, - делінген Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Тағы бес бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты.
Еске сала кетейік, 30-31 шілдеде Қарағанды облысындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта балалар жаппай уланған болатын. 12 бала ауруханаға түсіп, оның біреуі көз жұмған болатын.
Бас прокуратура болса балалардың тамақтан улану фактісі бойынша тергеу жүргізген болатын. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева уланған балалардың арасында жетім балалар да бар екенін айтқан болатын.
1 тамыз күні сағат 14:30-да «Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан» облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы екі бала жатқызылған еді.
Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында балалардың неден уланғаны әлі анықталмағанын айтқан еді. Оның айтуынша, сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.