Зәкиева: Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар

1 Тамыз 2023, 14:23
718
Бөлісу:
Зәкиева: Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қарағандыда жаппай уланған балаларға барған ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зәкиева Instagram-дағы парақшасында қайтыс болған баланың отбасына көңіл айтты. Бұдан бөлек зардап шеккен қалған балалардың жағдайы туралы айтты.

Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 12 баланың улануына байланысты қазір Қарағандыдамын. Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Оның ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Алты бала ауыр халде жансақтау бөлімінде, бес бала облыстық клиникалық ауруханасында жатыр. Олардың арасында жетім балалар да бар, - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Айтуынша, қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылды. Ол жақында барлық балалар мекемелерін тексеруді жоспарлап отырғанын айтты.

Улану себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Балаларға медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеменің барлығында Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізетін болады. Оның 20-сында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады. Сонымен қатар күзде өңірлерге іс сапарларымның аясында барлық балалар мекемелерін тексеруді жоспарлап отырмын. Жалпы, бұл салада қазір біз мемлекеттік органдармен бірге балалаларға арналған мекемелердегі камераларды тікелей ЦОУ мен жауапты органдарға қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол

Зәкиева жұмыс жүргізу керек тағы біраз мәселе бар екенін айтты. Солардың ішінде:
1. мамандарды даярлау сапасын, олардың деңгейін назарға алу керек; сондай-ақ олардың жалақысын арттыруды да қарастыру қажет.
2. Балалардың тамақтану нормативтерін қайта қарау және талаптарды қатаңдату қажет. Бейінді министрлікпен бұл бойынша да жұмыс істейтін боламыз.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланып, бір бала көз жұмған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы бала өліміне қатысты пікір білдірген еді.

Бас прокуратура балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасындағы жұқпалы аурулар орталығының меңгерушісі уланған балалардың қазіргі жағдайы қандай екенін айтып берді.

Өзгелердің жаңалығы