Қарағандыда уланған балаларға неге әлі диагноз қойылмады?

10 Тамыз 2023, 14:41
856
Бөлісу:
Қарағандыда уланған балаларға неге әлі диагноз қойылмады?
Фото: Арман Мухатов - архив

Қарағанды облысында балалардың неден уланғаны әлі анықталмады. Бұл туралы Айжан Есмағамбетова «Елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы» өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.

14 бала уланды, бір бала қайтыс болды, 7 бүлдіршін ауруханадан шығарылды. Сонымен қатар 6 баланың жағдайы ауыр. Бұдан бөлек 4 баланың денсаулығында оң өзгеріс байқалады, десе де жағдайлары ауыр, 2 бала өте ауыр жағдайда. Оқиғаға қатысты эпидемиологиялық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде бүлдіршіндердің астан уланбағаны анықталды. Дегенмен нақты диагнозы әлі белгісіз. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз, - деді вице-министр.

Сондай-ақ балалардың улану оқиғасынан кейін Қарағандыдағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мамандарының жұмысын талдау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Олардың шешімімен 12 медицина қызметкері жұмысынан шеттетілген еді. 9 тамыз күні комиссия мүшелері тағы отырыс өткізіп, 10 қызметкерді жұмысына қайтару туралы шешім қабылданды. Қалған екі маман әзірге жұмысқа қосыла алмайды.

Еске салсақ, "Қарағанды облысындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында" балалардың жаппай улану дерегі тіркелді.

30 шілдеде орталықтағы екі баланың жағдайы нашарлаған. Іштері өтіп, құса берген.

31 шілдеде тағы 10 баланың ауруханаға жатқызылғаны анықталды.

Өкінішке қарай уланған балалардың бірі қайтыс болғаны белгілі болды.

Осы оқиғаға қатысты жағдайды анықтау үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыға барды.

Белгілі болғандай, уланған балалардың арасында жетім балалар да болған.

2 тамызда улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған тағы екі бала шығарылды.

Назерке Өтеген

Өзгелердің жаңалығы