Қарағандыда 12 бала уланып, біреуі қайтыс болды

1 Тамыз 2023, 10:56
1159
Бөлісу:
Қарағандыда 12 бала уланып, біреуі қайтыс болды
Фото: Нұркен Алишев - архив

Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланып, бір бүлдіршін қайтыс болды. Алты бала реанимацияда жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Оқиға 30 шілде күні болған. Алдымен екі бала өзін нашар сезінген. Іші өтіп, құса бастаған. 31 шілде күні дәл осындай белгімен аталған орталықтың 10 тәрбиеленушісі ауруханаға түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен жағдайы мүшкіл бір бүлдіршінді аман алып қала алмапты. Қазір 6 тәрбиеленуші жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғаны дәрігерлер бақылауында.

Іс Қарағанды облыстық арнайы прокурорлар департаментіне берілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тергеу барысында кінәлі тұлғалар анықталып, заң аясында жазаланатынын айтты. Сондай-ақ мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды, - делінген Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар министрліктің мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медициналық-әлеуметтік мекемеде балалардың улануына байланысты Қарағандыға кетіп барады.

Медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандарының тобы жіберілді. Осыған байланысты, министрдің бұрын Қосшы қаласына жоспарланған жұмыс сапары 2023 жылғы 2 тамызға ауыстырылады, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Назерке Өтеген

Өзгелердің жаңалығы