Қарағандыда тағы екі бала уланып, ауруханаға түсті

1 Тамыз 2023, 16:35
574
Бөлісу:
Қарағандыда тағы екі бала уланып, ауруханаға түсті
Фото: BAQ.KZ - архив

1 тамыз күні сағат 14:30-да «Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан» облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы екі бала жатқызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Zakon.kz мәліметінше, бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлім етті.

Қазір уланып ауруханаға жеткізілгендер саны 13-ке жетіп отыр. Бір бала қайтыс болды. 

Сонымен қатар Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталықтың 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. 

Балалардың денсаулығын бақылау үшін ақ халаттылар басқа емдеу мекемелерінен жеткізілді. Қазір бүлдіршіндерге арналған орталықта 147 тәрбиеленуші бар. 

Аймақ басшысы қазір барлық күш ауруханада жатқан балалардың денсаулығын тезірек қалпына келтіруге бағытталғанын айтты.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланып, бір бала көз жұмған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы бала өліміне қатысты пікір білдірген еді.

Бас прокуратура балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасындағы жұқпалы аурулар орталығының меңгерушісі уланған балалардың қазіргі жағдайы қандай екенін айтып берді.

Бұдан бөлек Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар екені белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы