Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері

12 Маусым 2023, 12:23
2788
Бөлісу:
Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Елімізде Аза тұту күні көбіне әуе кемелерінің апаттарына, шахталардағы жарылыстарға, терактілерге байланысты жарияланып келді. Алайда бұл үрдіс соңғы жылдары өзгерді. Өкінішке қарай, халқымыз тарихында 12-рет Аза тұтып отыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні 

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды ел бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Президент алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Мемлекет басшысы Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2023 жылғы 12 маусымды Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды, - деп жазылған Ақорданың ресми сайтында.

Ұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телерадиода ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылды. Ресми іс-шаралар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Арыстағы апат: Оқ-дәрілер қоймасындағы өрт

2019 жылы жаз ортасында бүкіл халықтың назары Арысқа ауды. 24 маусым күні болған әскери қоймадағы жарылыс салдарынан қаланың 45 мың тұрғыны үйлерін тастауға мәжбүр болды.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Қалада 7,7 мыңнан астам үйге зақым келіп, 49 баспана жермен жексен болған.

2019 жылы 25 маусымда қаланы айналып шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілердің жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Апат салдарынан қираған қаланы қалпына келтіру үшін елдегі 17 өңір мен қаладан барған жасақтар шаһарды 17 секторға бөліп, бүлінген үйлер мен нысандарды қолданысқа беруге тырысты. Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, жарылыстан 4 адам қаза тауып, 400-ден астам тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Оның 82-сі ауруханада емделген. 28 маусым күні арыстықтар қалаға қайтып орала бастады. 

Жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оның 15-і әскерилер, 1-еуі азаматтық тұлға. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шегуші деп танылды. Ал қылмыстық істің өзі 550 томнан құралды.

Сот 2020 жылдың маусымында басталған. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. 26 шілдеде сот өз үкімін кесті.

12 сотталушы 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан жеті жылға дейін шартты түрде сотталды.

Арыстағы жарылыстың шығыны 173 млрд теңгені құрады.

5 баланың қазасы

2019 жылдың 4 ақпанына қараған түні Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында жеке үйдің аумағында өрт шығып, үй өртеніп кетті. 4 ақпанда сағат 02:34-те 101 пультіне жеке тұрғын үй аумағындағы уақытша құрылыстан өрт шыққаны туралы хабарлама келген. 30 шаршы мер аумақты шарпыған жалын салдарынан 25 шаршы метрлік төбесі жабынды опырыла құлаған. Өрт орнынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес баланың мәйіті табылды. 5 ақпанда Астанада қайтыс болған балаларды жерледі. Өрт шыққан кезде олардың ата-аналары жұмыста болған. Өрт сөндіруге Астана ТЖД-нің 17 адамы мен 5 техникасы, ТЖК Орталық аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару жасағының 4 адамы мен 1 техникасы тартылды.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында болған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын, — деді қала әкімі.

Ақмола облысында өрт кезінде үш бала қаза болды

Ақмола облысы Атбасар ауданының Хрящевка ауылында 100 шаршы метр жеке тұрғын үйде өртенді. Үйде көпбалалы отбасы, 7 адам тұрған, олар 1979 және 1981 жылдары туған ата-анасы, 5 баласы – 2004, 2005, 2007, 2008 жылдары туған ұлдар мен 2012 жылы туған қыз бала болған.

Атбасар қаласының № 4 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық – 25 шақырым. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ата-анасы мен 2004 және 2012 жылы туған екі бала сынған терезе арқылы өздігінен шықты.

Өрт салдарынан үйдің төбе жабыны құлаған. Үйінділерді тазалау жұмыстары кезінде өрт орнынан үш баланың мәйіті табылды. Өртті сөндіруге ТЖД-нен 12 қызметкер мен 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен тартылған ұйымдардан 3 адам және 3 техника жұмылдырылған.

Жамбылдағы өрт

Жамбыл облысында, Жаңатас қаласында бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қаза тапты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 4 шағын ауданның көпқабаттағы пәтерінен өрт шыққан. Осы сәтте пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған бес бала болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, отбасының әкесі жұмыста болған, анасы дүкенге кеткен. Өрт салдарынан кәмелетке толмаған балалардың барлығы көміртегі тотығынан зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жатқызылған, бірақ біраз уақыттан кейін қайтыс болды, - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, оқиға орнына барған Жамбыл облысы әкімінің өкімімен оқиғаның себептерін анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған арнайы комиссия құрылды. Өртке байланысты қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласында болған өрт салдарынан балалардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қостанайдағы өрт: 200-ге жуық үй өртенді

Былтыр Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан екі жүзге жуық адам баспанасыз қалды. Өрттен Аманқарағай елді мекені ең қатты зардап шекті. Сонымен қатар Озерное елді мекенінде 8 үй, Лесное ауылында 1 үй өртенді. Облыстағы өрт 43 мың гектарды шарпыған. 2 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшіріліп, оннан астам адам жарақат алып, бір адамның денесі табылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚМ, ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері атсалысып, 211 техника жұмылдырылған.

Өрттен зардап шеккендер үшін шұғыл желі іске қосылып, психологтар жұмыс істеді. Сондай-ақ облысқа 15 автоцистерна, екі вахта автобусы, 1 қызметтік көлік, Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен 98 адам көмекке жіберілді. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 9 техника мен 50 адам, Солтүстік Қазақстаннан 6 техника мен 50 адам, қосымша Атбасар мен Новоишимка ауылдарынан екі өрт сөндіруші пойыз көмекке барды.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуы керек болған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кейінге қалдырылды. Алайда Президент өртпен күресті тікелей қадағалау үшін арнайы іссапармен барды. Үйсіз қалған тұрғындарға үш айда жаңа баспана салдырып беруге уәде етті.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.

Жамбылдағы 10 жарылыс

2021 жылдың 26 тамызы кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарылды.

Кем дегенде 10 жарылыс болған. Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді. Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев қызметінен кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.

Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тапты. Бір адам жоғалды. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен. Оны іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр.
 

Абай облысындағы өрт

Абай облысындағы орман өртінен 14 адам қайтыс болды. 

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Абай облысының әкімдігі

Президент қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтып, мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді. 

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Сондай-ақ Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқандар «Құрмет» орденімен марапатталды. Орман өртіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
ҚР ТЖМ

Қазіргі таңда 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек, – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев Юрий Ильинді қызметінен босатып, оның орнына Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды.

Бүгінгі таңда Семей қаласының үш эвакуациялық пунктінде 150-ге жуық адам, Талица, Половинки, Бұлақ ауылының тұрғындары орналасқан. Бұрын хабарланғандай, қалада 9 эвакуациялық пункт жабдықталған, олар қажет болған жағдайда 800-ге жуық адамды қабылдауға дайын.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Абай облысы әкімдігі

Кеше түнде орман өртінің қалың түтініне байланысты Семей қаласына қарасты Бұлақ ауылының 80-ге жуық тұрғыны эвакуацияланды. Адамдар эвакуациялық пункттерге орналастырылып, азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілді.

Орман өрті: Жалған ақпарат жарға жығады

Орман ағаштарын тұтандыру үшін дайындалған тамызықтар туралы интернетте тараған видеоға қатысты Абай облысының әкімдігі түсінік берді.

Интернет желісінде видео тарап жатыр, онда адамдар тобы орманда ағаштарға от қою үшін тамызықтар дайындалғанын айтады. Олардың бірі Жабық ауылының атауын атайды. Ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы Челябі облысының Жабық ауылында орман алқабында ірі өрт болды. Бұл видеороликтің Абай облысына еш қатысы жоқтығын айғақтайды, - деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Абай облысы әкімдігі тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Абай облысындағы өрттің түтіні Жетісуға жетті

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті орман өрті салдарынан жел бағытының өзгеріп, өңірді түтін басуына байланысты тұрғындарға ескерту жасады.

Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары! Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше аудандарының аумағы қалың түтінмен жабылды. Осыған байланысты сабырлы болуларыңызды және маска киюлеріңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар департаменті тыныс алу органдарының ауруы бар адамдарға және қарт адамдарға үйден шықпауға кеңес берді.

Биыл елде өрт қаупі жоғары

Жыл сайын елімізде өрт қаупі кезеңінде мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ халықтың мүлкіне және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мыңға жуық табиғи жану тіркеліп келеді.

Өрттен болған Аза тұту күндерінің іздері
Ақорда

Өткен жылы еліміздің орман қорында 801 өрт тіркеліп, өрттен жойылған алқап 103 мың га құрады. Орман өрттерінің ең көп саны Абай облысында – 263 жағдай, Павлодар облысында – 150, Шығыс Қазақстан облысында – 77, Ақмола облысында – 72, Қостанай облысында 57 өрт оқиғасы орын алды. Былтыр 111 орман өрті тіркеліп, өрттің ауданы 55 мың га болды. Бұл ретте екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, 500 бас мал өртеніп кетті, – деді Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Өрттің экологияға келтірген зиянынан басқа, малдың жем-шөп базасы жойылып, дала өрттері елді мекендердегі орман қорына және егіс алқабына нақты қауіп төндірген. Мәселен, 2022 жылы елді мекендердің аумағынан табиғи өрт жағдайының 17 жағдайы тіркелді. 

Былтыр елімізде өрттен 249 адам қаза тапқан

2022 жылы елімізде өрттен 249 адам қаза тапты. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтқан болатын.

Оның дерегінше, Қазақстанда 9 647 өрт тіркеліп, 249 адам қаза тапты, 212 адамды күйік шалып, әртүрлі ауырлықта уланды.

Ол қаза болғандардың жалпы санынан 107 адам немесе 43 пайызы мас күйінде болғанын атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрттердің 60 пайызында жұмыссыздар мен зейнеткерлер, яғни жұмыс немесе оқу орнында өрт қауіпсіздігін оқыту жүйесіне қатысы жоқ адамдар қаза болады.

Ал биыл жыл басталғанан бері Астанада 80-нен астам өрт тіркелген. Сарапшылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тілсіз жаудан келген қауіптің 52,8 пайызға артқанын айтып, ескерту жасады.

Өзгелердің жаңалығы