Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты.
Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі, - деді президент.
Оның айтуынша, зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалады.
Мен сіздерге уәде беремін. Президент жанынан арнайы қор құрылады. Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетемін. Атқарушылардың барлығы осында. Сіздердің барлық қажеттілігіңіз бойынша тізім жасалады. Бүгін – жексенбі, келесі аптада барлық мәселе шешіледі. Өтініштеріңіздің бәрі орындалады, - деді Тоқаев.