Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров қайтыс болды.
Бұл туралы Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы хабарлады.Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, "Барыс", "Құрмет" "Парасат" ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров ағамыз бақилық болды. Батыр ағамыздың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді...Марқұмның барлық туған-туыстарына, отбасына, жора-жолдастарына, барша Қазақстан күресiнiң жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтамыз!, - делінген хабарламада.
Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров (шын есімі Жақсылық Үшкемпірұлы Әмірәлиев) 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы Свердловск ауданы Дихан ауылында дүниеге келген.
Ол 1971 жылы грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері атағын алды. Сондай-ақ, 1975 жылы Халықаралық спорт шебері, 1980 жылы еңбек сіңірген спорт шебері, 1980 жылы Мәскеуде грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды. 1981 әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубогінің күміс жүлдегері, 1975 және 1980 жылдары екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы атанды. Бұдан бөлек, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды.
1980 жылы ХХІІ Олимпиада ойындарында Мәскеуде жеңіске ие болды. Бірнеше рет Грек-рим күресінен КСРО біріншілігінің жеңімпазы, КСРО халықтарының VI жазғы спартакиадасының жеңімпазы атанды. Атап айтқанда:
· 1981 жылы әлем чемпионы;
· 1982 жылы әлем кубогінің күміс жеңімпазы.
1974-1984 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы болды.
1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогінде 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіровті үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жақсылық Үшкемпіров 1984-1993 жылдар республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан "Жақсылық" спорт клубының директоры қызметтерін атқарды.
Атақты спортшы Жақсылық Үшкемпіров спорттағы жетістіктері үшін Қазақстанның еңбек ері, "Барыс", "Құрмет белгісі", "Парасат" ордендерін иеленді.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт нысаны да бар. Ол "Шығыс Қазақстан облыстық мамамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резервінің Семей қаласы бойынша Жақсылық Үшкемпіров атындағы №1 спорт мектебі". Мектеп директоры қызметін Мерей Көшкінов атқарады.
Сондай-ақ, жыл сайын Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир ұйымдастырылып тұрады.
2019 жылы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы "Жақсылық" көркем фильмі түсірілді. Үшкемпіровтің жасөспірім және бозбала шағын Эльнар Назаркул мен Сануржан Сүлейменов, ал 60 жастағы кезін Досжан Жанботаев сомдады.