Коронавирус: Досқалиев Whatsapp-та тараған ақпаратты жоққа шығарды

2 Наурыз 2020, 20:23
5865
Бөлісу:
Коронавирус: Досқалиев Whatsapp-та тараған ақпаратты жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Whatsapp желісі арқылы коронавирустан сақтанудың шаралары туралы "Жақсылық Досқалиев айтыпты-мыс" деген хабарлама тараған болатын. Аудиожазбада жұқпалы вирустан сақтанудың шаралары ретінде ашқарынға сарымсақ жұту, қайнаған су ішу қажеттігі айтылған. 

Бүгін Жақсылық Досқалиев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Мұндай хабарламаны кім таратқанын білмеймін. Бұл – ақымақ адамдардың ісі деп қабылдаймын. Мұндай хабарламаны кімнің не үшін жасап отырғаны белгісіз. Әлде елді адастыру үшін істеп отыр ма, ол жағы да белгісіз. Мәселенің ақ-қарасын құқыққорғау органының өкілдері анықтайтын болар. Ондай адамдар жауапқа тартылуы керек. Мұндай хабарламаға менің қатысым болуы да мүмкін емес. Коронавирус – өте қауіпті инфекция. Бұл вирус бүкіл әлемге тарап кетті деп айтуға болады. Одан 3 мыңға жуық адам қайтыс болды деп жатыр. Бұл адамзатқа төнген қатер деп қабылдау қажет, - деді ол.
Оның айтуынша, Whatsapp мессенджер арқылы тарап жатқан "ақпараттың" бәріне сенуге болмайды. 
Күнбе-күн бас дәрігер Жандарбек Бекшин нақты ақпараттар беріп жатыр. Қай елге бару керек, қай елге бармау керек екенін де айтуда. Бұл – бір. Денсаулық сақтау саласы күнде 24 сағат демалыссыз жұмыс істеп, елге осы індетті кіргізбеу үшін жанталасып жатыр. Барлығымыз бірдей жұмылып, осы індетке қарсы тұруымыз керек. Бұл біздің қолымыздан келеді, - деп түйіндеді сөзін Жақсылық Досқалиев.
Бұған дейін, экс-министр, танымал хирург, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР МҒА академигі Жақсылық Досқалиев қазақстандықтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және коронавирус тіркелген елдерге бармауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы