Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді.
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады, - деді Президент.
Оның айтуынша, бүшін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.