«Олардың мәселесін түсінгіміз келеді». «Атамекен» кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізуді бастады

17 Қаңтар 2019, 12:55
5321
Бөлісу:
«Олардың мәселесін түсінгіміз келеді». «Атамекен» кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізуді бастады

Астана, BAQ.KZ ТІЛШІСІ. Бүгін кәсіпкерлердің мәселесін білу мақсатында сауалнама жүргізуді бастадық. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев мәлімдеді.

Елімізде 1 млн 200 мың кәсіпкер бар. Осы орайда «Атамекен» ҰКП әрбір кәсіпкермен жеке байланыс орнатып, оларды толғандырып жүрген мәселерді білмек.

«Сондықтан бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 300-ден астам қызметкері еліміз бойынша сауалнаманы жүргізуді бастады. Мысалы, сауалнама жүргізуді Маңғыстау облысында Түпқарағай ауданынан, Алматыда дүкендерден бастадық. Біз күніне бірнеше мың кәсіпкерді аралауымыз мүмкін. Қосымша сall-center жұмыс істейді. Күніне 3 мың кәсіпкерге қоңырау шаламыз. Бірақ күніне жұмыстың көлемін арттыра беруді жоспарлап отырмыз. Шамамен күніне 7-8 мың кәсіпкерге сауалнама жүргізбекпіз», - деді ол Астанада өткен брифингте.

Сонымен қатар Эльдар Жұмағазиев аталған сауалнама нені көздейтінін түсіндірді.

«Біріншіден, сауалнама арқылы кәсіпкерлердің ақпараттық базасына талдау жүргіземіз. Екіншіден, бизнестегі өзекті мәселелерді білу. Үшіншіден, олармен тығыз байланыс орнату. Сауалнама 4 ай жүргізіліп, мамырда аяқталады. Барлық мәселе туралы тиісті ақпаратты жинап болған соң, бәрін сараптаймыз. Кейін аталған мәселелерді Үкіметке барып шешуге тырысамыз. Сондықтан біз кәсіпкерлерді осы шараға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», - деді төраға орынбасары. 

Осы орайда ол түркиялық кәсіпкерлердің тәжірибесін мысалға келтірді.

«Түркияда 1 млн кәсіпкер бар. Олар жылына бір рет жиналады. Онда «Атамекен» ҰКП сияқты «ТОП» деген үлкен ұйым бар. Сол ұйым барлық кәсіпкердің электронды почтасына «қандай мәселелеріңіз бар?» деп сауалнама жібереді. Тиісті ақпарат жиналған соң, олар жыл сайын үкіметке барады. Үкіметтен сол мәселелерді шешпей тараспайды. Сондықтан бізде осындай деңгейдегі жұмыстарды жасағамыз келіп отыр», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Сөз соңында басқарма төрағасының орынбасары Atameken Services порталының іске қосылғанын хабарлады.

Порталда 60-тан астам онлайн режимде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері шоғырланған. Бұл қызмет түрлері кәсіпкерлер сұранысын ескере отырып, төрт басты бөлікке жинақталған: 

«Несие агрегаторы» қызметі арқылы кеңседен шықпай-ақ жеңілдікпен несие алуға өтінім бере аласыз. Яғни кәсіпкер онлайн режимде өтінім беру арқылы еліміздің барлық негізгі банктері мен қаржы институттарына құжат жібере алады.

Atameken. Academy қызметі арқылы іскерлік салада біліміңізді шыңдап, «Бастау» және «Бизнес-мектеп» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Яғни қарапайым азамат кәсіпкерліктің негізін үйренсе, бизнесмен білімін толықтыра алады. 

Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша, енді өңірлердегі кәсіпкерлер Астанадағы «Атамекен» ҰКП-ға келудің қажеті жоқ. Олар Atameken Services порталындағы бизнес жүргізуде туындаған мәселелер жайында хабарлай алатын сервис түрін қолдана алады. Өз кезегінде «Атамекен» сарапшылары өтінімді жылдам әрі кәсіби түрде шешуге көмектеседі.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы