Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева шетелдік TiJi, Nickelodeon каналдарының өнімдері неліктен қазақшаға аударылып жатқанын түсіндірді.
Министрдің сөзінше, егер отандық сапалы өнімдерімізді шығаратын болсақ, ол үлкен қаражатты талап етеді. Сол себепті бүлдіршіндер көріп отырған каналдарды қазақшалау қажет.
Бұл жоба жылдың басынан басталды. Біздің мақсатымыз шетелдегі танымал мультиканалдар өнімін қазақ тіліне аудару. Олар арнайы балаларға арналған Nickelodeon және TiJi каналдары. Олармен келіссөз өткізіп, қазір «Қазақфильм» базасында аударуға кірісіп кеттік. Жыл аяғында дейін бұл жұмыстар аяқталады. Ол дегеніміз, Nickelodeon және TiJi мультфильмдері қазақша сөйлейді, - деді Балаева.
Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі шетел мультфильмдерін қазақ тіліне аударудың маңыздылығын түсіндірді.
Таза қазақтілді отбасындағы балалардың тілі орысша шығып жатқаны жасырын емес. Бұл өзге тілдегі мультфильмнің салдары. Өкінішке қарай, тілді қалыптастыратын ата-ана емес, экран болып кетті. Ана тілінде сөйлеп жүрген бала шет тілінде мультфильмді көргеннен шүлдірлеп орысша сөйлеп кететіні бәрімізге мәлім. Сондықтан біз шетелдік телеарналарды келіссөзге шақырып, 800 сағаттық өнімдерін қазақ тіліне аударып отырмыз, - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.