Министр формаға байланысты мектепке бармай қойған оқушылар жайлы айтты

10 Қазан 2023, 12:08
1623
Бөлісу:
Министр формаға байланысты мектепке бармай қойған оқушылар жайлы айтты
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазіргі таңда мектеп формасына қатысты мәселе жоқ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі министрге “қыркүйек айының басында Атырау облысында 150-ге жуық оқушы хиджаб пен мектеп формасының дауына байланысты мектепке бармаған. Басқа өңірлерде мұндай жағдай тіркелді ме?” деп сұрады.

Бейсембаевтың айтуынша, қыркүйекте хиджаб дауымен мектепке келмеген 150-ден аса оқушы болған.

Қыркүйектің басында мұндай ситуация туындады. Сол кезде оқушылардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жағдайды ата-аналар түсініп, қабылдады. Қазіргі таңда мұндай сұрақтар жоқ, – деп жауап берді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, 5 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде қоғамда жиі талқыланатын мәселеге тоқталып, білім беру мекемелеріндегі діни ұстаным жайлы атап өтті.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек екенін, содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп пікір білдірді. Сондай-ақ ол жат ағым өкілдеріне қатысты заң жобасын қатаңдату жайлы айтты. Сонымен қатар министр никаб пен хиджаб киіп, сақалын жалбыратып, шолақ шалбар кигендерге тыйым салу мәселесін көтерді. 

Бұдан бөлек депутат Нұртөре Жүсіп қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңдарды жетілдіретін уақыт келгенін айтып, дабыл қақты. Айтуынша, «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.

Осы мәселені депутат Аманжол Әлтай да көтерді. Ол жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артып келе жатқанын айтты. Әлтайдың сөзінше, бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп.

Өзгелердің жаңалығы