Нұртөре Жүсіп: Қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керек

5 Қазан 2023, 11:55
1147
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп: Қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керек
Фото: Арман Мухатов - архив

Депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңдарды жетілдіретін уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Рас, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім–нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген.

Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.

ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? – деп атап өтті сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, ұлттық құндылықтар – қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, суб мәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет.

Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75%–ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы, ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар ол сарапшылар деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің бірден бір факторлары бұл – білімнің таяздығы, жұмыссыздық белең алуын атағанына тоқталды.

Сондай-ақ осыларды еңсеруге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларға қолжетімсіздігін айтып отыр.

Бүгінде осындай сырт күштерден азматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы. Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс жасайды (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады. Шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстурге негізделген орталық құруды және де Үкімет, бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы