Еліміздегі «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты іске асып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ұстанымы күшейе түскенін «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» секілді стратегиялық алпауыт компаниялардың басшыларына қатысты басталған тексерулер айқын дәлелдейді. Бұл жағдайға қатысты Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойын ашық айтып, елдегі қоғамдық-саяси ахуалға баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» деген қағидатты берік ұстана бастады. Бүгін Самұрық пен ҚТЖ секілді алпауыт компания басшыларының құрыққа ілінуі - соның айқын дәлелі. Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті. Ақ-қарасын тергеп-тексерушілер анықтай жатар, - деп жазды Нұртөре Жүсіп.
Белгілі қоғам қайраткері ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор басшыларының айлығы мен жылдық бонустары қарапайым халықтың, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің жылдық табысынан бірнеше есе артық екенін атап өтеді.
Бізді осындай қаржылық мекеме басшыларының көзсіз әрекеті ойландырады. «Самұрық-Қазына» Ұлттық қордың қаржысына иелік етеді. ҚТЖ - мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекет тәрізді құрылым. Мұндай қадамға неліктен барды? Күнкөрісі төмен бе? Айлықтан бөлек бір ғана жылдық бонусы пәлен мұғалім мен түген дәрігердің жылдық табысын бірнеше есе орамай ма!?. Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, жауапсыздық, жұлымырлық пен жемқорлық мемлекеттің іргетасын ірітіп, шірітетінін біле тұра, осындай жойқын жемқорлыққа не үшін барып жатыр? Неге тоқтам жоқ? Президент ұстанымы дұрыс. Заң бұздың ба: Арыңмен де, Барыңмен де жауап бер! Таза қоғам құру үшін тазалану керек-ақ! Жұртқа керегі - жүйелі тәртіп!, - дейді Халық Кеңесінің мүшесі.