Мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек - министр хиджаб киюге қатысты

11 Қыркүйек 2023, 15:37
2548
Бөлісу:
Мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек - министр хиджаб киюге қатысты
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепте хиджаб киюге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айтуынша, қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес.

Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын, - деді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты мәлімдеме жасады.

Өзгелердің жаңалығы