Қазақ намаз оқитын-оқымайтын деп бөлініп кетті. Депутат паранджа киіп, сақалын жалбыратып жүргендер жайлы

4 Қазан 2023, 12:39
17366
Бөлісу:
Қазақ намаз оқитын-оқымайтын деп бөлініп кетті. Депутат паранджа киіп, сақалын жалбыратып жүргендер жайлы
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жат ағымдарға заңмен тыйым салатын кез келгенін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткенде ғана AMANAT партиясы қасиетті домбырамыз бен қастерлі ұлттық құндылықтарымызды діни фанатизмнің жолына бермейтінімізді айттық. Біз Парламенттегі ең ірі фракция ретінде де, ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын қозғалыстарды да жөнге келтіре алатынымыз анық. Елді ушықтыруға жол бермейміз, - деді ол.

Депутаттың ойынша, дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп барады.

Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артып келеді. Бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп. Қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп бас тартуға уағыздау – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі. Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын «Наурыз» мейрамын да қаралаушылар көбейіп барады, - дейді Әлтай.

Ол көшедегі қазіргі жағдай көңіліне тиіп жатқанын айтты.

Күнделікті көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранджамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды. Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз нысанаға айналып, оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ біз сабақ алмадық. Қазір қазақты намаз оқитын қазақ, оқымайтын қазақ, мешітке баратын қазақ, бармайтын қазақ, хиджаб киетін қазақ, кимейтін қазақ деп бөліп жардық, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, бұған себеп мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз.

Меніңше, біздің мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз келді. Еліміздің өнер, спорт, ғылым, білім саласындағы есімі елге мәлім тұлғаларымыз, шығармашылық өкілдеріміз дін мәселесіне өте сергек, асқан жауапкершілікпен қарамасақ, бізге қарап, бой түзеп келе жатқан мыңдаған жастарымызды адастырамыз. Бүгіннің өзінде спорт түрлерінде тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері бар екенін білеміз. Дінді жамылып алып, спортшылардың өміріне өз салттарын кіргізіп әлек. Дәстүрге суарылмаған, білімге бағытталмаған дін – ақымақтың қолына ұстатқан қару секілді, - деп атап өтті депутат Аманжол Әлтай.

Депутат халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салу қажеттігі маңызды екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы