2026 жылғы 11 қарашада Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады. Олармен бірге сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдар ұсталған.
Ведомствоның мәліметінше, Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 4-бөлігі бойынша күдікке ілінген. Аталған баптар пара алуға оқталу әрекеті үшін жауапкершілікті көздейді. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ҰҚК.
Астанадағы чемодандар оқиғасы
Айта кетейік, 12 қараша күні таңертең Астанада Қонаев көшесінде, Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан сегіз чемодан мен тротуарға шашылған, АҚШ долларына ұқсас банкноттар табылған.
Оқиға туралы хабарлама «102» арнасына түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда жерде шашылған купюралар мен олардың жанында жатқан сөмкелер мен чемодандар көрінеді.
Аталған чемодандар мен банкноттардың екі басшының ұсталуына қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде хабарланған жоқ.
ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін атап өтті.
Комитет Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Заң мен тәртіп» қағидатын орындау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.