Алматының үстіндегі қара түтін қайдан пайда болады? Мамандар зерттеу нәтижесін жариялады

12 Қараша 2026, 16:51
АВТОР
 threads.com/@zabota.k 12 Қараша 2026, 16:51
12 Қараша 2026, 16:51
114
Фото: threads.com/@zabota.k

Алматыны таудың биігінен қарағанда қаланың үстінде қою қара түтінге ұқсайтын қабат байқалады. Бұл тек ауаның ластануы ма, әлде қаланың географиялық орналасуы мен метеорологиялық жағдайларға да байланысты құбылыс па? PM2.5 бөлшектері адам денсаулығына қаншалықты қауіпті? Бұл сұрақтарға Almaty Air Initiative қорының мамандары BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Алматы үстіндегі қара қабат неден пайда болады?

Мамандардың айтуынша, таудан қарағанда байқалатын қара жолақ аэрозольді тұманның, соның ішінде ауаның төменгі қабатында жиналатын ұсақ бөлшектердің визуалды көрінісі болуы мүмкін. Бұл бөлшектер жарықты шашыратып, жұтады. Ал ауа ылғалдылығы жоғары болған кезде тұман одан әрі қоюлана түседі. Сондықтан ластаушы заттардың нақты концентрациясын көзбен емес, арнайы өлшеу құралдарының көмегімен анықтау қажет.

Қор мамандары Алматының тау бөктерінде орналасуы ауа қозғалысына әсер ететінін түсіндірді. Температуралық инверсия кезінде жылы ауа суық ауа қабатының үстіне орналасып, ауаның тік бағытта араласуын қиындатады. Ал жел әлсіз болса, зиян қоспалардың қаладан сыртқа таралуы баяулайды.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайда ластаушы заттардың концентрациясы бірнеше сағаттың ішінде айтарлықтай жоғарылауы мүмкін. Егер әлсіз жел мен температуралық инверсия бірнеше тәулік бойы сақталса, зиянды заттардың жоғары концентрациясы осы уақыт бойы атмосферада тұрып қалуы ықтимал. Дегенмен олардың жиналу жылдамдығы тек ауа райына емес, атмосфераға шығарылатын қалдықтардың көлеміне де байланысты. Концентрация міндетті түрде үздіксіз өсе бермейді, – дейді мамандар.

Олардың айтуынша, жел күшейгенде немесе температуралық инверсия әлсірегенде зиянды қоспалар жақсырақ тарай бастайды. Сонымен бірге мамандар маңызды бір жайтты атап өтті: температуралық инверсия жиі әрі қатты байқалатын қалалардың бәрінде ауа сапасы нашар бола бермейді.

Алматыға ұқсас географиялық жағдайда орналасқан, бірақ тұмша (смог) мәселесін шешкен әлемдік қалалар өте көп. Сондықтан мәселені тек географиялық ерекшелікпен түсіндіруге болмайды, – деп есептейді Almaty Air Initiative мамандары.

Алматы ауасын ең көп ластайтын не: ЖЭО ма, көлік пе, әлде жол шаңы ма?

Ауаның ластануы туралы сөз болғанда, көбіне көмір жағатын жылу электр орталықтары, жеке сектордағы үйлердің пештері мен автокөліктер аталады. Алайда мамандар әрбір ластану көзінің үлесін нақты бағалау үшін қандай заттар, қандай аумақ және қандай уақыт кезеңі зерттелгенін ескеру керектігін айтады.

Олардың түсіндіруінше, шығарындыларды түгендеу белгілі бір көзден ауаға бөлінетін зиянды заттардың жалпы массасын есептейді. Ал ауа сынамаларын зерттеу нақты ластаушы заттың концентрациясын қандай көздер қалыптастыратынын анықтауға мүмкіндік береді.

Мысалы, PM2.5 – диаметрі 2,5 микрометрден кіші ұсақ дисперсті бөлшектер. Олардың қайдан пайда болатынын анықтау үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеушілері бір жыл бойы ауа сынамаларын жинап, бөлшектердің химиялық құрамын талдаған.

Халықаралық рецензияланатын Urban Climate журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, Алматыдағы PM2.5 бөлшектерінің негізгі көздерінің үлесі мынадай:

  • ЖЭО мен қазандықтар – 18%;
  • жеке сектордағы жылыту жүйелері – 16%;
  • автокөлік шығарындылары – 14%;
  • жол шаңы, жол жабыны, шиналар мен тежегіштердің тозуынан пайда болатын бөлшектер – 32%;
  • қалалық ластаушы заттардың қоспасы – 20%.

Мамандар соңғы санатқа көмір мен биомассаны жағу белгілері, сондай-ақ атмосфераның өзінде химиялық реакциялар нәтижесінде пайда болған бөлшектер кіретінін айтты.

Бұл зерттеу аясында ауа сынамалары 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейін жиналған.

Дүниежүзілік банктің зерттеуінде де ластану көздерінің үлесіне қатысты басқа бағалау берілген. Онда ЖЭО үлесі орта есеппен 40 пайызға дейін, жеке сектордікі 25 пайыз, ал көліктің шығарындылары мен пайдаланудан туындайтын басқа бөлшектердің үлесі шамамен 20 пайыз деп көрсетілген. Сонымен қатар зерттеуде қыста көмір жағатын көздердің басым болатыны айтылған.

Қор мамандары ауа сапасын зерттегенде көбіне назардан тыс қалатын басқа да ластану көздері бар екенін ескертті. Олардың қатарында дәмханалар, моншалар, зауыттар, құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстары бар.

Олардың қаланың жалпы фондық ластануына қосатын үлесі жоғары болмауы мүмкін. Алайда осындай нысандардың тікелей жанында тұратын тұрғындар үшін олар негізгі ластану көзіне айналуы ықтимал, – дейді мамандар.

Сонымен қатар көліктердің шығатын түтінінен бөлек, жол шаңын да ескеру қажет. Автокөліктер жолға шөккен шаңды қайтадан ауаға көтереді. Оның бір бөлігі ашық топырақтан немесе құрылыс жұмыстары кезінде пайда болады. Бұған қоса, шиналар мен тежегіштердің тозуы салдарынан да ұсақ бөлшектер бөлінеді.

Тағы бір маңызды жайт – PM2.5 бөлшектерінің бір бөлігі атмосферада тікелей шығарындылардан емес, газ тәрізді ластаушы заттардың химиялық реакцияға түсуі нәтижесінде пайда болады.

Almaty Air Initiative қоры әртүрлі ластану көздерінің үлесі маусым мен ауа райына қарай қалай өзгеретінін зерттеп жатыр. Қор мамандары бұл бағыттағы ауқымды зерттеу нәтижелерін жақын уақытта жариялауды жоспарлап отыр.

PM2.5 адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?

Мамандар ауаның адам денсаулығына ұзақ мерзімді әсерін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі – PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы екенін айтты. Алайда бұл көрсеткіш адамның нақты денсаулық жағдайын емес, өзі тыныс алатын ауаның ластану деңгейін сипаттайды.

Almaty Air Initiative желісінің деректеріне сәйкес, Алматыда 2025 жылы PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жылдық 5 мкг/м³ көрсеткішінен 6 еседен астам жоғары.

Ал жекелеген күндердегі жағдайды бағалау үшін орташа тәуліктік концентрация қолданылады. Мысалы, қор желісі 2026 жылғы 1 қарашада PM2.5 концентрациясын 77,5 мкг/м³ деңгейінде тіркеген. Бұл Қазақстандағы орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген 35 мкг/м³ көрсеткішінен шамамен 2,2 есе, ал ДДСҰ ұсынған тәуліктік 15 мкг/м³ деңгейінен 5,2 есе жоғары.

Мамандар ауаның ұзақ уақыт ластануының салдары бірден байқалмауы мүмкін екенін атап өтті. Мұндай әсерді бағалау үшін зерттеушілер әртүрлі ластану деңгейіне ұшырайтын адамдар арасындағы жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жолдары ауруларының жиілігін, сондай-ақ өлім-жітім көрсеткіштерін салыстырады.

2024 жылы жарияланған халықаралық метаанализ нәтижесіне сәйкес, PM2.5 бөлшектерінің ұзақ мерзімді концентрациясы әрбір 10 мкг/м³-ке артқан сайын барлық себептерден болатын өлімнің салыстырмалы қаупі орта есеппен 9,5 пайызға жоғарылаған.

Қор мамандары өз жобаларының бірінде курьер мен кеңсе қызметкерінің PM2.5 бөлшектеріне ұшырау деңгейін де салыстырған.

Сегіз күн ішінде курьердің жұмыс уақытында датчигі тіркеген PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы 94 мкг/м³ болды. Ал кеңсе қызметкерінде дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 41 мкг/м³-ті құрады. Яғни курьер жұмыс барысында PM2.5 концентрациясы кеңсе қызметкерімен салыстырғанда екі еседен астам жоғары ауа жұтқан, – дейді қор мамандары.

Олардың айтуынша, бұл мәселе тек курьерлерге ғана қатысты емес. Құрылысшылар, жол жұмысшылары және жұмыс уақытының басым бөлігін далада өткізетін басқа да мамандар ластанған ауаның әсеріне көбірек ұшырауы мүмкін.

Халықаралық зерттеулер PM2.5 бөлшектерінің ұзақ уақыт әсер етуі жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының қаупін арттыратынын көрсетеді. Ал құрылысшылар бұған қосымша құрылыс шаңына да ұшырайды. Бұл олардың денсаулығына төнетін қауіпті күшейтеді.

Далада екі сағат және сегіз сағат жұмыс істеудің айырмашылығы қандай?

Ауадағы зиянды бөлшектердің концентрациясы бірдей болған жағдайда, адамның далада өткізетін уақыты да маңызды рөл атқарады.

Мамандардың түсіндіруінше, егер PM2.5 концентрациясы мен адамның бір сағатта жұтатын ауа көлемі бірдей болса, сегіз сағаттық жұмыс ауысымында ол екі сағат далада жүрген адамға қарағанда төрт есе көп бөлшек жұтады. Ал бір сағат далада болған адаммен салыстырғанда бұл көрсеткіш сегіз есе жоғары болады.

Дене еңбегімен айналысқан кезде адам әдетте ауаны көбірек жұтады. Сондықтан ағзаға түсетін бөлшектердің мөлшері де артуы мүмкін, – дейді мамандар.

Дегенмен олар далада өткізген уақытқа қарап денсаулыққа төнетін қауіпті нақты қанша есе артатынын анықтау мүмкін емес екенін ескертеді.

Ол үшін адамның мұндай жағдайда қаншалықты жиі жұмыс істейтінін, қалған уақытта қандай ауамен тыныс алатынын және денсаулық жағдайын ескеру қажет.

Almaty Air Initiative мамандарының айтуынша, ауаның ластануын бағалағанда тек бір күнгі көрсеткішке емес, ұзақ мерзімді әсерге, адамның күнделікті әдеттеріне және жұмыс жағдайына да назар аудару керек.

Наверх