Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 61-бап

25 Мамыр 2022, 21:21
5349
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 61-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі заң шығарушы органның тікелей міндетін, яғни заң шығару құқығын белгілейтін 61-бапта 4 тармаққа өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

61-бапқа енгізілген алғашқы өзгерту, анығы – толықтыру тікелей халықтың мүддесін көздейді. Себебі аталған баптың 2-тармағы жаңадан екінші бөлікпен толықтырылды. Онда кезек күттірмес мәселеге қатысты жылдам шешім шығарып, дереу заң қабылдап, дер кезінде іске қосу қадап айтылған. Ал енді бұндай «төтенше жағдайға» не жатады дегенге келер болсақ, халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіп пен елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар.

Ата заңымыздың жаңадан ұсынылған нұсқасында осындай жағдайлар болса, ұсынылған заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауы керек екені атап көрсетілді.

Ал осы 61-баптың 2-тармағына енгізілген екінші бөлікті осы баптың 3-тармағына енгізілген үшінші бөлікпен нақтылай түседі. 

61-бапқа енгізілген басқа өзгертулер Парламент палаталарының заң шығаруға қатысты ережелерін пысықтап, жетілдіре түскен. Сонымен бірге Сенат пен Мәжіліс арасындағы заң шығару, оған келісім беру, Президенттің қол қоюына ұсынуға қатысты 61-баптың 5-1-тармағы алынып тасталды. Оның орнына 4-5-тармақтар жаңа редакциямен ұсынылды.

Сонымен, Конституциядағы ең көп тармағы редакцияланған баптардың бірі – 61-баптың қалай өзгергенін толығырақ төменнен оқып көріңіздер.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

61-бап

Жаңа нұсқада: 61-бапта:

1) 2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.»;

Ескі нұсқада: 61-баптың 2-тармағы

2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi. 

Жаңа нұсқада: 61-бапта:

2) 3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға өзінің жауапкершілігімен хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады.»;

Ескі нұсқада: 61-баптың 3-тармағы

3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне;

2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;

5) республикалық бюджетке;

6) сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;

7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;

9) айналадағы ортаны қорғауға;

10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;

11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.

Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.

Жаңа нұсқада: 61-бапта:

3) 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырылмай қаралады.

Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға хақылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.

Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының редакциясын ұсынуға құқылы.

Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң Президенттің қол қоюына беріледі.

5. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.

Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады.

Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.

Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.

Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.»;

Ескі нұсқада: 61-баптың 4-5-тармақшалары

4. Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа беріледі, ол онда әрі кеткенде алпыс күннің ішінде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға беріледі. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгізуге болмайды.

5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келіссе, заң қабылданды деп есептеледі. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшілік дауыспен Сенат енгізген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келіспеушілік келісу рәсімі арқылы шешіледі.

Жаңа нұсқада: 61-бапта:

4) 5-1-тармақ алып тасталсын.

Ескі нұсқада: 61-баптың 5-1-тармағы

5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.

Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.

Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап.

Өзгелердің жаңалығы