Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 47-бап

15 Мамыр 2022, 21:21
6346
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 47-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін қоғам белсенділері, заңгерлер, адвокаттар дамыған елдерді мысалға келтіріп, Конституциялық кеңес емес, Конституциялық сот болуы керек деп келген еді. 

Бұл ұсынысқа, қоғам пікіріне құлақ асқан Мемлекет басшысы реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасында Конституциялық кеңес формасын түгелдей Конституциялық сот нұсқасына ауыстыруды ұсынды. 

Сол себепті де қазіргі қолданыстағы Конституцияның ІІІ бөлімі, яғни Президент құқығы мен міндеттерін айқындайтын бөлімдегі 47-бапта кездесетін "Конституциялық кеңес" сөзі "Конституциялық сот" сөзіне алмастырылды.

Бұл баптағы басты ерекшелік те осы. Енді елімізде Конституциялық кеңес емес, Конституциялық сот болады. Тағы бір ерекшелігі бұған дейін Конституциялық кеңеске қарапайым халық шағым айта алмайтын болса, алдағы уақытта Конституциялық сотқа еліміздің кез келген адамы шағым жасауға мүмкіндік алады.

Бұл туралы өзінің «Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар» атты мақаласында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин былайша түсіндіреді.

Жоғарыда баяндағанымыздай, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады - деп жазады Ерлан Қарин.

Сонымен әзірге «кеңестен» «сотқа» өзгерген 47-бапта қандай өзгерістер болғанын бір шолып шығыңыздар.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

47-бап

Жаңа нұсқада: 47-бапта:

1) 1-тармақтағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 47-баптың 1-тармағы

1. Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негізінде әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілігімен қабылданады. 

Жаңа нұсқада: 47-бапта:

2) 2-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

Ескі нұсқада: 47-баптың 2-тармағы

2. Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді және бұл үшін Парламент оны қызметінен кетіруі мүмкін. Айып тағу және оны тексеру туралы шешім Мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілігімен қабылдануы мүмкін. Тағылған айыпты тексеруді Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелері Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына беріледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім айып тағудың негізділігі туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылдамау Республика Президентіне қарсы тағылған айыптың күші жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңінде де осы мәселенің қаралуына себепші болған Мәжіліс депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап.

Өзгелердің жаңалығы