Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 42-бап

11 Мамыр 2022, 21:21
5771
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 42-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамда көп талқыланған баптардың бірі осы 42-бап десек артық айтқандығымыз емес.

Оның да өз себебі бар. Қарапайым халық көп жағдайда өз бастарына іс түспесе, заңға жолағысы келмейді. Бұл біріншіден – өзі түсінбейтін дүниеге бас ауыртқысы келмейтіндігі болса, екіншіден – әр заңды, әр заңның бабы мен тармағын, тармақшасы мен тарауын талдап отыруға уақыты жоқ. Сол себептен де көп жағдайда өз құқығын білмейді. 

Ал біз Конституциялық реформа өтеді деген күннен бастап, реформа жасалатын Ата заңымыздың жаңа нұсқасының жобасы жарияланғалы бері әр бапқа жеке-жеке тоқталып, қазіргі қолданыстағы Конституциямен салыстыра беріп келеміз. Ондағы басты мақсат – қарапайым халық қандай баптың қай жері, қай сөзі, қай сөйлемі қалай өзгергенін білсін деген ниет.

Сол секілді, бүгінгі талқылайтын 42-бап та бұрын жарияланып, Елбасына қатысты екені ғана айтылып, қалған жерінде не туралы екені де белгісіз еді. 

Сонымен қатар, 42-бапқа екі өзгеріс енгізіледі. Оның екіншісі – 5-тармақтың 2-бөлігі. Яғни Ата заңымыздың жаңа нұсқасында бұл бөлік алынып тасталады. Ал ол қандай сөйлем екенін төменнен оқуларыңызға болады.

Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

42-бап

Жаңа нұсқада: 42-бапта:

1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.»;

Ескі нұсқада: 42-баптың 2-тармағы

2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.

Жаңа нұсқада: 42-бап 5-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын.

Ескі ннұсқада: 42-баптың 5-тармағы

5. Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды.

Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.

Есретіңізге сала кетейік, бұған дейін Конституциялық реформада өзгертілген 4-бап пен 6-баптың, 15-бап пен 23-баптың және 24-баптың қалай өзгергені жайлы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы