Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 46-бап

14 Мамыр 2022, 21:21
6396
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 46-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Конституцияда Президент құзыретін, оның қауіпсіздігі мен мүмкіндіктерін айқындайтын баптардың бірі – осы 46-бап.

Суперпрезиденттік басқаруға жол ашатын, тәуелсіздік жылдары бір адамға табынып, шексіз билікті қолдан жасаған құқықтық ресурс. 

46-бап 2007 жылы өзгертілді. Президенттік мүмкіндіктерді қамтамасыз етумен қатар бұл бап жеке тұлғаның Ата заңмен қорғалуына жағдай жасады. 

Конституциялық реформа негізінде өзгертілетін Ата заңымыздың жаңа жобасында аталған баптың 4-тармағын алып тастау ұсынылды. 

Айналдырған 4 тармақтан тұратын баптың төртінші тармағы еліміздің экс-президентіне тікелей қатысты еді. Бұдан былай Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі мен мәртебесі Конституция арқылы анықталатыны туралы тармақ жаңа Ата заңда болмайды. 

Конституцияда Елбасының аты-жөні, мәртебесі аталуын қаламаған қоғам өкілдері бұл мәселені бұған дейін де үнемі айтып келген болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жобада бұл мәселеге нүкте қойды деуге болады.

Сонымен, бір адамға шексіз билік беру, оны заңмен бекітуді көздейтін тармағы алынып тасталған 46-бап қалай өзгергенін оқып көріңіз.

Айта кетейік, Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

46-бап

Жаңа нұсқада: 46-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

Ескі нұсқада: 46-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.

2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.

4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.

Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар:

4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап.

Өзгелердің жаңалығы