Биыл Қазақстанда картоп егісінің көлемі ұлғайтылып, өнімді өткен жылғы деңгейде жинау жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жылы ішкі өндіріс көлемін арттыру мақсатында ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп егісінің аумағын 5,5 мың гектарға ұлғайттық. Елдің ішкі қажеттілігі 2 млн тоннадан асады. Былтыр 2,8 млн тонна картоп жиналды. Биыл да өткен жылғы деңгейде өнім аламыз деп күтіп отырмыз, – деп атап өтті Назгүл Хатепова.
Вице-министрдің айтуынша, қыркүйектегі жағдай бойынша республикада жалпы сыйымдылығы 2,6 млн тонна болатын 956 көкөніс қоймасы бар. Бұл экспортқа жіберілетін картопты есептемегенде, өндірілген өнімнің басым бөлігін сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстанның өнім өткізетін нарықтары бар және экспорттық әлеуеті жоғары.
Картоп импорты негізінен маусымаралық кезеңде, яғни мамыр мен маусым айларында байқалады. Бұл уақытта ішкі нарықтағы картоп қоры таусылып, ерте пісетін өнім әлі жиналып үлгермейді. Ерте пісетін картоп Түркістан облысында ғана емес, Алматы облысында да өсіріледі. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін оның егіс алқаптарын жыл сайын ұлғайтып келеміз, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, картоп көлемі жеткілікті, экспорттық әлеует сақталған, ал көкөніс қоймаларының сыйымдылығы өнімді сақтауға жетеді.Сондай-ақ вице-министр картоптың шығу тегін анықтау мәселесіне де көтерілді. Өнімнің сыртынан оның Ауғанстаннан, Мысырдан немесе Түркістан облысынан әкелінгенін ажырату мүмкін емес. Ал сатып алушылар сатушылардан картоптың нақты қайдан жеткізілгенін сирек сұрайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстаннан Қытайға астық экспорты 34%-ға өсті. Еліміз Орталық Азияға астық тасымалын 37%-ға арттырды, ал Ауғанстанға экспорт 4,4 есеге көбейді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандық шаруаларға 665 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді
АШМ өңірлерде егін жинау барысына бақылауды күшейтуді ұсынды
Бектенов өңірлерге қысқа дайындық үшін көкөніс қоймалары мен қорын әзірлеуді тапсырды