Қазақстандық шаруаларға 665 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді

Қаржыландыру аясында 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы беріліп, 2027 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру жалғасады.

 Ауыл шаруашылығы министрлігі 29 Қыркүйек 2026, 12:30
29 Қыркүйек 2026, 12:30
91
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 665 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржыландырудың уақтылы берілуі шаруаларға техниканы алдын ала дайындауға, қажетті материалдық-техникалық ресурстарды сатып алуға және маусымдық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берді, – деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі жалғасады. Бұл шаруаларға келесі егіс науқанына дайындықты алдын ала бастауға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288 млрд теңгеге 8,6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейту үшін фермерлерге қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде кепілдік беру тетігі қолданылады, – деді вице-министр.

Шаруаларды қаржыландырумен қатар, болашақ өнімнің сатылымын қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы құралдардың бірі – форвардтық сатып алу.

Биыл жалпы сомасы 32 млрд теңгеге 480 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалды, – деп атап өтті Азат Сұлтанов.

Наверх