- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қар және боран: Қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады?
Қар және боран: Қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы қазан айына арналған ауа райы болжамын жариялады.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
28 Қыркүйек 2026, 12:55
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Ал кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан көп немесе аз болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазгидрометтің болжамына сәйкес, қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы +3...+10 градус, ал республиканың оңтүстік жартысында +11...+16 градус аралығында болады.
Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және Абай облысында ауа температурасы климаттық норма шамасында күтіледі. Ал еліміздің қалған бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1–2 градус жоғары болуы ықтимал.
Жауын-шашын мөлшері қандай болады?
Қазгидромет болжамы бойынша, қазан айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жуық болады.
Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтіледі.
Ал Жамбыл және Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Ұлытау облысында, Қарағанды және Абай облыстарының оңтүстік жартысында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп болжанып отыр.
Қазан айында ауа температурасы қанша градусқа дейін төмендейді?
Көпжылдық климаттық деректерге сәйкес, қазан айында ауа температурасының орташа айлық көрсеткіші қыркүйекпен салыстырғанда солтүстік өңірлерде 8-10 градусқа, ал оңтүстік облыстарда 5-8 градусқа төмендейді.
Солтүстік Қазақстанда орташа айлық температура +3...+8 градус, ал оңтүстікте +9...+14 градус аралығында болады. Суық жылдары ауа температурасы көпжылдық орташа нормадан 5-8 градусқа ауытқуы мүмкін. Ал жылы жылдары бұл көрсеткіш 3-6 градусқа өзгереді.
Ауа температурасының тәуліктік орташа көрсеткішінің +5 градустан төмен тұрақты ауысуы солтүстік облыстарда қазанның бірінші онкүндігінде, батыс, орталық және шығыс өңірлерде екінші онкүндігінде, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда үшінші онкүндігінде байқалады. Тәуліктік орташа температураның 0 градустан төмендеуі солтүстікте қазанның үшінші онкүндігінде, оңтүстікте қарашаның бірінші онкүндігінде болады.
Көпжылдық бақылаулар бойынша, ауа температурасының абсолюттік минимумы солтүстік және шығыс облыстарда -18...-28 градус, ал шығыстың қиыр бөлігінде -29...-34 градусқа дейін жетеді. Батыс және орталық өңірлерде бұл көрсеткіш -13...-26 градус, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда -14...-24 градус аралығында болады. Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының қиыр оңтүстігінде абсолюттік минимум -3...-8 градус шамасында тіркеледі.
Ал ауа температурасының абсолюттік максимумы Қазақстанның солтүстік бөлігінде +23...+32 градус, оңтүстігінде +27...+35 градус аралығында болады. Түркістан және Жамбыл облыстарының оңтүстігінде бұл көрсеткіш +37...+39 градусқа дейін жетеді.
Қазанда қар мен боран болуы мүмкін
Көпжылдық деректерге сәйкес, қазан айында жауын-шашын мөлшері қыркүйекпен салыстырғанда біршама артады. Қазақстанның солтүстік және батысындағы орманды дала мен дала аймақтарында жауын-шашын мөлшері 15-40 миллиметрді құрайды. Ал шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарына жақын жерлерде бұл көрсеткіш 115 миллиметрден асады.
Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жауын-шашын жаңбыр және қар түрінде, ал таулы аймақтарда қар түрінде жаууы мүмкін.
Солтүстік және шығыс өңірлерде қар жауатын күндердің саны айына 1-5 тәулікті құрайды. Республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда бұл көрсеткіш 5--15 тәулікке және одан да көпке жетеді. Суық жылдары Солтүстік Қазақстанда қар жауатын күндердің саны 10-15 тәулікке дейін артуы мүмкін. Ал республиканың оңтүстік жартысында қар өте сирек жауады. Мұндай құбылыс 10 жылда 1-5 рет қана байқалады.
Өте суық жылдары Қазақстанның солтүстігінде тұрақты қар жамылғысы қазанның үшінші онкүндігінде қалыптасуы мүмкін. Ал жылы жылдары қар жамылғысы тек желтоқсан айында орнығады.
Қазанда боран тек Қазақстанның солтүстігінде байқалып, 1-3 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Шаңды дауылдар батыс өңірлерде айына 1-5 тәулік, солтүстікте 1-2 тәулік, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының тау бөктерлерінде 2-3 тәулік бойы болуы ықтимал.
Тұман республиканың солтүстігінде 2-3 тәулік, Каспий теңізінің жағалауында 2-5 тәулік байқалуы мүмкін. Ал Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен шығысындағы биік таулы аудандарда тұманды күндердің саны айына 8 тәулікке дейін жетеді.
Қазан айында желдің орташа жылдамдығы секундына 3-6 метр болады. Желдің ең жоғары жылдамдығы 18-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында желдің екпіні 34 м/с-қа, ал Жамбыл облысында 40 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Ең оқылған:
- «Қаза болды» деген ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады
- Жаңа Қорғаныс министрі тағайындалды
- Каспийдегі оқу-жаттығуда қаза тапқан әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар берілді
- Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды
- Қазақстандық ауыр атлет Аянат Жұмағали Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды