Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге жиналған өнімді сақтап, қысқы және көктемгі кезеңге, әсіресе картоп қорын уақытылы қалыптастыруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министр биылғы аграрлық маусымның оңай болмай отырғанын атап өтті. Бірқатар өңірде құрғақшылық салдарынан өнімділікке қауіп төнген. Дегенмен, оның айтуынша, күтіліп отырған өнім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және дәстүрлі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Сақтауға қабылданған астықтың 74%-дан астамын үшінші және одан жоғары сыныпты астық құрайды.
Ол элеваторлардың, астық қоймаларының және астық кептіру қуаттарының дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Экология министрлігі егін жинау аяқталғанға дейін шаруаларға күн сайын ауа райы болжамын ұсынып отыруы керек. Ал Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жеңілдетілген дизель отынының үздіксіз жеткізілуін бақылауы қажет.
Егін жинау науқаны жүріп жатқан кезде-ақ қажетті көлемге келісімшарттарды уақытылы жасап, өнімді сатып алу мен сақтауға қою жұмыстарын ұйымдастыру маңызды, – деді Олжас Бектенов көкөніс қорын қалыптастыру туралы.
Премьер-министр өңірлерге маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды.
Сонымен қатар 2027 жылғы маусымға дайындық бойынша бірқатар міндет жүктелді. «Бәйтерек» холдингі шаруаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуі керек, ал әкімдіктер сапалы тұқым дайындауға жауапты болады.
Жамбыл және Жетісу облыстарында қант зауыттары мен қабылдау пункттерін қант қызылшасы өнімін қабылдауға дайындау тапсырылды. Бұл өнімді қабылдау кезінде кезектің пайда болуына және жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу үшін қажет.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстаннан Қытайға астық экспорты 34%-ға өсті. Еліміз Орталық Азияға астық тасымалын 37%-ға арттырды, ал Ауғанстанға экспорт 4,4 есеге көбейді.
Айта кетейік, Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 13,5 млн гектар дәнді дақыл алқабы жиналып, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрады.
Сондай-ақ, Қазақстанда майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. Қазірдің өзінде 2,4 млн гектар алқаптан 2,4 млн тонна өнім жиналды. Жыл қорытындысы бойынша майлы дақылдардан 5 млн тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандық шаруаларға 665 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді
АШМ өңірлерде егін жинау барысына бақылауды күшейтуді ұсынды