«Қаза болды» деген ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде екі матросқа қатысты түрлі ақпарат тарады. Қорғаныс министрлігі олардың қазіргі жағдайына байланысты маңызды түсініктеме берді.

 Қорғаныс министрлігі 28 Қыркүйек 2026, 09:26
28 Қыркүйек 2026, 09:26
828
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А.-ға қатысты түрлі ақпарат таралуына байланысты ҚР Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілердің бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындаған.

Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. да жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде, күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр.

Осыған байланысты ведомство әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты азаматтарды тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге шақырды.

Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әскери қызметшілерге қатысты жалған мәліметтер тараған болатын. Мәселен, әскери киімдегі жас жігіттің әкесімен видеоқоңырау арқылы сөйлескен жазбасы «Каспийдегі оқиға кезінде қаза тапқан сарбаздың әкесімен соңғы сөйлесуі» деген сипатпен тараған. Кейін бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Видеодағы әскери қызметшінің аман екені Қорғаныс министрлігі тарапынан расталды. 

Сондай-ақ әскери қызметшінің әкесі Талғат Құлманов әлеуметтік желі арқылы ұлының аман екенін айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырған. 

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болған. Ресми мәлімет бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен. Оқиғаға байланысты үкіметтік комиссия құрылып, тергеу амалдары басталды. 

Қорғаныс министрлігі қазіргі жағдайда ресми ақпарат көздеріне сүйенудің маңызын атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің қазасына қатысты тағы бір манипуляциялық видео тарады. Кадрда қайтыс болған адамның «денесін» көлікпен тасымалдап бара жатқан сәт көрсетіліп, оны Маңғыстаудағы қайғылы оқиғамен байланыстырған.

Кеше, яғни 27 қыркүйекте Мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев армияны жаңа үлгіге көшіру қажеттігін айтты.

Президент әскери оқу-жаттығуды ұйымдастырудағы кемшіліктерді атап, қайғылы оқиғаға себеп болған жауапсыздық пен салғырттықты сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өткен аталған жиында Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді. Қорғаныс министрлігіне әскерді реформалау жоспарын 10 күн ішінде әзірлеу тапсырылды.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев: Әскерді түбегейлі реформалайтын уақыт келді 

Қазақстан армиясы цифрлық трансформациядан өтеді – Тоқаев 

Наверх