Германия президенті келіссөз барысында Ресей агрессиясы мен Орта дәліз туралы айтты

20 Маусым 2023, 13:24
1318
Бөлісу:
Германия президенті келіссөз барысында Ресей агрессиясы мен Орта дәліз туралы айтты
Фото: Ақорда

Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер барысында қандай мәселені көтергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Неміс басшысының айтуынша, екі ел президенті халықаралық деңгейде ушыққан жағдай туралы сөз қозғаған.

Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті саясатын қызу айтқанымыздың өзіне таңғалуға болмайды. Бұл соғыс халықаралық құқыққа қайшы. Агрессивті соғыс дәуірлердің ауысуына апарып соқты. Жалғыз Германия үшін емес, бүкіл әлем үшін соғыстың әсері сондай болды, - дейді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия президенті бұл тарапта халықаралық құқық үстемдігін сақтаған Қазақстан билігінің нақты позициясын атап өтіп, президент Тоқаевқа алғысын білдірді.

Біз президент Тоқаевпен санкциялар, санкцияларды айналып өту мәселесі жөнінде де әңгімелестік. Санкцияларды айналып өтуге жол бермес үшін біз бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Әңгіме барысында Қазақстан мен ЕО елдерінің құзырлы органдарының бірлескен тобы жұмыс істеп жатқанын айттық, – деді Штайнмайер.

Ол Ресей агрессиясының салдары экономикалық және логистикалық салдары бар екенін айтады.

Осыған дейін Еуропаның Қазақстанмен саудасы көбіне Ресей мен Беларусь арқылы жасалатын еді. Сондықтан Қазақстан тарапының Орталық дәлізді балама жол ретінде дамытуын қолдаймыз. Бұл бағытта қуаттылықты арттыру бастамасын да құптаймыз, - дейді неміс басшысы.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Германияның басшысы Франк-Вальтер Штайнмайерді Ақордада қарсы алды. Кейіннен Президенттер қазақ-герман стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Германия президенті еліміздегі заңнамалық өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Өз кезегінде Тоқаев Тоқаев неміс компанияларын инвестиция салуға шақырды. Сонымен қатар Президент Ақтауда немістің озық тәжірибесіне негізделген институт ашылатынын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапармен келген Германия президентіне екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айтты. Бұдан бөлек ол әлемдегі түрлі саяси шиеленістер елімізді алаңдатып отырғанын жасырмады. 

Өзгелердің жаңалығы