25 Қыркүйек 2026, 09:06 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Ауыр сәтте қолдау көрсетті»: Тоқаев Путинге алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Ресей тарапының көрсеткен шынайы қолдауына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы ел үшін осындай ауыр сәтте Қазақстан Ресей көшбасшысы мен халқының шынайы тілектестігін және қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты. 

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлғаның заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.

Елімізде болған қайғылы оқиғаға қатысты Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты. Владимир Путин жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қолдау білдіріп, олардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.