Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген талдау барысында Орталық скверді жөндеуді жоспарлау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Анықталғандай, Орталық скверді жөндеуді жоспарлау барысында сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 млн теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген.
Бұл ретте сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды және оның құрамына көгалдар, жасыл желектер, ағаштар мен төсеуге жатпайтын ашық топырақ учаскелері кіреді. Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды. Осылайша, жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Павлодар қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдделерді қорғау және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы бухгалтердің бюджеттен 9 миллион теңге ұрлағаны анықталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Степногорскте мектеп сайтында оқушылардың дерегі жарияланған: Кінәлілер жазаланды
СҚО тумасы 26 жылдан кейін «дүниеге келді»
Қарағандылық әйелдер емханаға заңсыз төленген ақшаларын қайтарып алды