Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы өзін уағызшы ретінде таныстыратын Дарын Мубаровтың қатысуымен өткен журналист Айнұр Асенбердінің подкастына тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 31 шілдеде Айнұр Асенбердінің YouTube-арнасында «Сізге уағыз айтуға тыйым салынды. Енді не істейсіз?» деген атаумен подкаст шыққан.
«Мониторинг барысында Айнұр Асенбердінің 31.07.2026 жылы youtube парақшасында жарияланған «Сізге уағыз айтуға тыйым салынды. Енді не істейсіз? Дарын Мубаров» атты подкастқа ҚР аумағында тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысқан Дарын Мубаровпен түсірген подкасты анықталған. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан әлеуметтік желілерде бұл подкастты жариялаған. Аталған материал бойынша құқықтық баға беріледі және діни заңнаманы бұзу анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады басқармадан.
gov.kz
Еске салайық, бұған дейін Астанада Дарын Мубаров діни материалдарды заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылды.