- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда автонесие жаңа ереже бойынша беріледі: Көлік алу қиындай ма?
Қазақстанда автонесие жаңа ереже бойынша беріледі: Көлік алу қиындай ма?
Жаңа талаптар несие алушылардың төлем қабілетін мұқият бағалауға бағытталған.
5 Тамыз 2026, 07:30
2027 жылдан бастап автонесие беру тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар көлік сатып алушыларға қалай әсер етеді, банктер неге сақтықты күшейтіп жатыр және бұл автонарыққа қандай ықпал етуі мүмкін? BAQ.KZ тілшісі мәселені сарапшылармен бірге талдап көрді.
Автонесие беру тәртібі не үшін өзгереді?
Қазақстанда автонесие беру талаптары қайта қаралады. Жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – банктердің несие портфелінің сапасын жақсартып, халықтың шамадан тыс қарыздануының алдын алу.
Соңғы жылдары автонесие жаңа көлік сатып алудың басты құралына айналды. Бүгінде жаңа автомобильдердің басым бөлігі несие арқылы рәсімделеді. Осыған байланысты реттеуші органдар қарыз алушының нақты төлем қабілетін бағалауға көбірек мән бермек.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бұл өзгерістер ең алдымен қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы, бұл талаптың негізгі мақсаты – тұтынушылық кредиттердің сапасын арттыру. Қаржы институттары соңғы жылдары несие беру көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Соның салдарынан халықтың қаржылық жүктемесі де артып келеді. Егер несие беру кезінде азаматтардың нақты төлем қабілетіне басымдық берілсе, бұл мерзімі өткен берешектің азаюына ықпал етеді. Сондықтан бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарыздануын төмендетуге және жалпы қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған деп ойлаймын, – дейді экономист.
Банктер неге автонесиеден қорықпайды?
Автонесие басқа тұтынушылық несиелерден ерекшеленеді. Себебі сатып алынған көлік банк үшін кепіл болып саналады. Қарыз толық өтелгенге дейін автокөлік кепілде тұрады. Сондықтан банктер үшін мұндай несиенің тәуекелі төмен.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, автонесие бойынша қайтарылмайтын қарыздың үлесі небәрі шамамен 6 пайызды құрайды.
Автонесие – басқа несиелерден ерекшеленетін өнім. Қарыз толық өтелгенге дейін автокөлік банк кепілінде болады. Сондықтан банктер аса үлкен тәуекелге бармайды. Егер қарыз алушы төлем жасауды тоқтатса, банк көлікті қайтарып алып, сата алады. Әрине, белгілі бір шығын болуы мүмкін, бірақ бұл банктер үшін бәрібір тиімді несие түрі, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, дәл осы себепті автонесие беру кезінде тек банктің емес, сатып алушының да мүддесі ескерілуі керек.
Адамдардың автокөлік сатып алу мүмкіндігі көбірек болғаны дұрыс. Бірақ сонымен бірге қарыз алушы да несиені өтеуге шамасы жететінін нақты түсінуі керек. Мысалы, көлік құнының кем дегенде 10 пайызын өз күшімен жинай алса, бұл оның қаржысын жоспарлай білетінін көрсетеді. Банктер үшін сенімді клиентпен жұмыс істеген тиімді. Сондықтан дәл осы жерде екі тараптың мүддесі арасындағы тепе-теңдік ізделеді, – дейді Алексей Алексеев.
Несие алу қиындай ма?
Жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін бұрынғыдан да мұқият бағалайды.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, тұрақты табысы бар азаматтар үшін үлкен өзгеріс болмауы мүмкін. Ал қаржылық жағдайы әлсіз немесе несие тарихында мәселесі бар адамдарға автонесие рәсімдеу қиындай түседі.
Қолжетімділікке келетін болсақ, банктер тәуекелдерді бағалауға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөледі. Несие алушының табысы, қаржылық жағдайы және несие тарихы мұқият тексеріледі. Соның нәтижесінде тәуекелі жоғары азаматтарға несие алу қиындауы мүмкін. Ал тұрақты табысы бар және оң несие тарихы қалыптасқан адамдар үшін қолжетімділік айтарлықтай өзгермейді, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, ұзақ мерзімде бұл саясат банктердің несие портфелінің сапасын жақсартып, қаржы секторындағы тұрақтылықты күшейтеді.
Автонарыққа әсері қандай болады?
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар автокөлік нарығында төңкеріс жасай қоймайды.
Алексей Алексеевтің айтуынша, бүгінгі күні жаңа көліктердің шамамен 70 пайызы несие арқылы сатып алынады. Сондықтан сұраныс сақталады.
Жаңа талаптардың сұранысқа нақты қалай әсер ететінін айту қиын. Өйткені елімізде жаңа автокөліктердің шамамен 70 пайызы несие арқылы сатып алынады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да сақталады деп ойлаймын. Адамдар бәрібір автонесие арқылы көлік алуға тырысады. Көпшіліктің жаңа көлікті бірден сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қарыз алушылар жаңа талаптарға да бейімделеді, – дейді автосарапшы.
Оның айтуынша, дилерлердің өздері түрлі жеңілдіктер, бөліп төлеу бағдарламалары мен trade-in жүйесін ұсынып отырғандықтан, екінші нарықта айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды.
Жаңа автокөлік нарығы қазір де баяу болса да өсіп келеді. Меніңше, бұл үрдіс сақталады. Қандай да бір революциялық өзгеріс болады деп ойламаймын, – дейді Алексей Алексеев.
Лизинг неге балама бола алмады?
Автосарапшы қазіргі жүйедегі негізгі мәселенің бірі ретінде жеке тұлғаларға арналған лизингтің толыққанды жұмыс істемейтінін атады.
Оның пікірінше, егер Қазақстанда Еуропа, Канада немесе АҚШ-тағыдай тиімді лизинг жүйесі енгізілсе, бұл автонесиеге балама болып, банктер арасында бәсекелестікті күшейтер еді.
Негізі бізде жеке тұлғалар үшін толыққанды лизинг жүйесін енгізуге мүмкіндік болды. Бірақ іс жүзінде оның орнына автонесиенің тағы бір түрі ғана пайда болды. Сондықтан бұл құрал сұранысқа ие болмай отыр. Егер толыққанды лизинг жұмыс істесе, сатып алушылардың бір бөлігі сол жүйеге ауысар еді. Сонда банктер де пайыздық мөлшерлемелері мен шарттарын қайта қарауға мәжбүр болар еді, – дейді Алексей Алексеев.
Қаржылық тұрақтылық пен экономикалық өсім арасындағы тепе-теңдік
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, қысқа мерзімде тұтынушылық несиелеу көлемі азаюы мүмкін. Соған сәйкес бөлшек сауда көрсеткіштеріне де белгілі бір деңгейде әсер етуі ықтимал.
Қысқа мерзімде несие алатын азаматтардың саны азаюы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде халықтың қаржылық тұрақтылығы артады. Азаматтар табысының басым бөлігін несие өтеуге емес, басқа да қажеттіліктерге жұмсай алады. Бұл экономиканың тұрақты дамуына оң әсер етеді, – дейді экономист.
Сонымен бірге ол кез келген реттеудің де өз шегі болуы керектігін ескертеді.
Бұл өзгерістер ең алдымен қаржылық тәуекелдерді азайтуға және банктердің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Дегенмен кез келген реттеудің өз шегі болуы қажет. Егер талаптар шамадан тыс қатаң болса, несиеге қолжетімділік төмендеп, экономикалық белсенділікке кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қаржылық тұрақтылық пен экономикалық өсім арасында теңгерім сақталуы маңызды, – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.
Жаңа ережелер автонесие нарығында түбегейлі өзгеріс жасамаса да, қарыз беру сапасын арттыруға және халықтың шамадан тыс несие жүктемесін төмендетуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, басты міндет – қаржылық тұрақтылық пен азаматтардың несиеге қолжетімділігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Ең оқылған:
- Жаңбыр, найзағай: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды
- Ақмола облысында күнбағыспен суретке түскен 25 жүргізушіге айыппұл салынды
- Үш жасар бала куә болған қасірет: Атырауда әйелді өлтірді деген күдікті ер адам ұсталды
- Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты пікір білдірді
- Астанада видео түсіріп тұрып «ашуланған» жігіт 5 тәулікке қамалды
Мақпал ОРЫНБЕК