Таяу күндері Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, күн күркірейді, жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Ал батыс пен оңтүстікте қайтадан аптап ыстық болжанады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік және шығыс өңірлердегі ауа райы жағдайын солтүстік-батыс циклоны мен онымен байланысты атмосфералық фронттар айқындауды жалғастырады. Бұл аймақтарда күн күркіреп, жаңбыр жауады, кей жерлерде бұршақ жауып, жел күшеюі мүмкін.
Солтүстікте ауа температурасы салыстырмалы түрде жайлы болады. Күндіз +22...+27 градус аралығында ыстық күтіледі.
Сонымен бірге Қазақстанның батысы мен оңтүстігіне Иран аудандарынан ыстық ауа массалары келе бастайды.
Нәтижесінде елдің батысында температура +34…+39 градусқа дейін көтерілсе, оңтүстікте +37…+42 градусқа дейін аптап ыстық болжанады.
Синоптиктер оңтүстік және батыс өңірлердің тұрғындарына жоғары температура кезеңінде сақтық шараларын сақтауды, ал солтүстік және шығыс облыстардың тұрғындарына ауа райының қолайсыздығына дайын болуды ұсынады.
Бұған дейін Қазгидромет тамызда құрғақшылық күтілетін өңірлерді атады.